Дүниежүзінің ауа райын көрсететін портал

Дүниежүзінің ауа райын көрсететін портал
Фото: steemkr.com

Ventusky порталы – дүниежүзінің бүкіл ауа райын көрсетіп беретін интерактивті карта. Оны ашып үйде отырып-ақ қай елде қандай ауа райы орнап, қай жерде нендей климаттық өзгеріс болып жатқанын көріп отыруға болады.

Бұл порталда дүниежүзінің ауа райы жайлы бүкіл мағлұмат пен дерек жинақталған. Мұндай деректі басқа жақтан кездестіре қоюыңыз екіталай. Ауа температурасы мен жел жылдамдығы қандай, жауын-шашын мен бұлттану бар ма, атмосфералық қысым қанша, найзағай бола ма, жоқ па, қардың қалыңдығы қанша, изотерманың мөлшері қандай – осының бәрі порталда интерактивті анимациялық карта түрінде көрсетілген.

Ventusky интерфейсі Google Maps-қа ұқсас: картаны үлкейтіп-кішірейтуге болады, іздеу панелін ашып, қажет елдімекенді табуға болады.

Картаның баптауында желдің орташа жылдамдығын көрсететін анимациялық желінің түрі, метереологиялық деректерді таңдап көрсетуге арналған түрлі-түсті карта бар.

Тіпті күнтізбенің керек күнін таңдап, алдағы және кейінгі ауа райының хал-күйін де көруге болады.

Қ. Слямбек