Есікке тіреуіш ретінде 30 жыл бойы пайдаланылып келген тас 100 мың долларға бағаланды

Есікке тіреуіш ретінде 30 жыл бойы пайдаланылып келген тас 100 мың долларға бағаланды
Фото: dknews.kz

Американың Мичиган штатынының Гранд-Рэпидс қаласында тұратын фермердің сарай есігіне 30 жыл бойы тіреуіш ретінде пайдаланып келген тастың бағасы 100 мың долларға бағаланды. Бұл туралы орталық Мичиган университетінің баяндамасында айтылды. 

Дэвид Мазурек есімді америкалықтың айтуынша, салмағы 10 келілік тасты ол 1988 жылы ферманы сатып алғанда көрген екен. Ферманың бұрынғы иесі тасты 1930-жылдарда метеорит жаңбыры кезінде тауып алғанын айтқан. Бірақ Дэвид бұған мән бермей тасты есік тіреуіші ретінде 30 жыл бойы пайдаланған. Жақында Дэвид метеориттердің бөліктерін интернетте сатуға қойып, ақша табуға болатынын білгеннен кейін, оны мамандарға апартып тексертеді. 

Орталық Мичиган университетінің геологы, профессор Мона Сирбеску (Mona Sirbescu) тасты зерттеп, осы уақытқа дейін кездестірген тастар ішіндегі ең сирек кездесетін қымбат тас екендігін айтқан. Метеорит 88 пайыз темір, 12 пайыз ғарышта сирек кездесетін металл – никель бірікпесінен тұратыны анықталған. 

Мазурек метеоритті сатуды және ақшаның бір бөлігін тасты бағалауға көмектескен университетке қайрымдылық есебінде беруді көздеп отыр.

Т. Раушанұлы