Акула дельфиннен қорқа ма?

Акула дельфиннен қорқа ма?
Фото: srilankaholidaystour.com, ainhoaweb.es

Дельфиндер – табиғаттың айрықша әрі таңғажайып жаратылысы. Бұл сүтқоректілер гидросферадағы ең бейбіт тіршілік иесі екен. Олардың ештеңеге зияны жоқ, бірақ қауіп төнсе, дельфиннен асқан қамқор жануар жоқ. 

Дельфиннің сүйкімді тұрпаты алдамшы болуы мүмкін. Себебі дельфиндер шебер қорғанып, жойқын шабуылдар жасай алады. Жемтік іздеген акуланы көрсе, дельфиндер акула желбезегі мен құрсағынан тұмсығымен соққы жасауға дайын болады екен. Себебі бұлар – акуланың ең сезімтал жерлері. Дүрсін-дүрсін жасалған соққылардан ірі акулалардың өзі ажал құшуы мүмкін. 

Мына видеодан 4 дельфин Харди Джонс атты дайверді балғабас-акуладан қорғап жатқанын көруге болады.

Дельфиндер анасымен ұзақ уақыт бірге жүреді. Кей жағдайда 8 жылға дейін бір-бірінен алыстамайды. Соның арқасында бұл сүтқоректілер үйір болып өмір сүреді. Топталып жүрген дельфиндер бір-біріне қамқор болуға, үйірдің әлсіз мүшелеріне көмектесуге бейім. Олар жоғалып кеткендерді дауыс арқылы іздеп тауып алады. Өйткені дельфиндердің дыбыс импульстары өте қуатты болады. 

Дельфиндердің есте сақтау қабілеттері де мықты. Кей түрі 60 сөзді ажырата алады. Олардың жады 20 жыл бұрын көріскен дельфинді де ажырата алады екен.

Дельфиндер тіршілік эволюциясында сан қилы түрөзгерістен өтті. Олардың қалыптасуына қатысты алуан түрлі теория бар. Мысалы бірінде дельфиндер төрт аяқты жорғалаушы болған деседі және миллиондаған жылдан кейін әлі талай физиологиялық өзгеріске ұшырауы мүмкін. Қалай болғанда да, дельфиндер бейқам әрі бейбіт жаратылыс болып қала бермек.

Massaget.kz