- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- 5 сәуір -...
5 сәуір - Корей елінде ағаш егу күні
Бүгін, яғни 5 сәуір, Оңтүстік Кореяда ағаш егу күні. Бұл шара корей жерінде ормандарды қайта қалпына келтіру мақсатында Пак Чжон Хи басшылығымен қолға алынған болатын.
1960 жылдан бастап, 2005 жылға дейін бұл күн мемлекеттік мерекелердің бірі болып, ресми түрде бүкіл елде демалыс жарияланатын. Қазір демалыс берілмесе де, ескі дәстүр өз жалғасын табуда.
Бұл күні Оңтүстік Корея халқы өз аудандарын көгалдандыру жұмыстарына ат салысып, таулы аймақтарда ағаш отырғызады. Көбінесе жылы бұл күн Суық тағамдар фестивалімен (Cold Food Festival) тұспа-тұс келеді. Корей халқы бұл фестивальді «Хансик» (Hansik) деп атайды. «Хансик» сөзі корей тілінен аударғанда «суық тағам» деген мағына береді.
Хансик күнін корей халқы ерекше ардақ тұтады. Таң сәріден бастап, корей халқы дүниеден өткен туған-туыстарының бейітіне барады. Марқұмды еске алып, бейіт айналасын тазартады. Екі шара қатар келгендіктен, бұл күні бейіт айналасына ағаш отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Бұл күні суық тағаммен ауқаттану дәстүрі Қытай елінен келген деген аңыз-әңгімелер бар. Алайда, бұл аңыздар қазіргі таңда бірте-бірте ұмытылуда.
«Ағаш егу әр азаматтың басты парыздарының бірі» деп санайтын корей халқы бұл мерекелерді асыға күтеді. Жыл сайын жаңа көшеттер отырғызылып, ормандағы ағаштар тазартылады. Сондай-ақ, бұл күн егістікті бастауға, астық отырғызуға ыңғайлы деп саналады.
Игі іске толы мұндай мереке әлемнің бірқатар елдерінде бар. Қытай халқы көгалдандыру жұмыстарын жыл сайын 12 наурызда өткізіп тұрады.
Суреттер: bambooclub.ru, supersadovnik.ru
Ғ. Ұзақ