Ғаламның ғажайып ақшалары #3

Ғаламның ғажайып ақшалары тақырыбына бұған дейін де екі жазбамызды арнаған едік. Алғашқы жазбамызда ең ежелгі ақша қай дәуірден бастау алатыны, әлемдегі ең кішкентай және ең үлкен ақша,  футболшының құрметіне жасалған ақша, т.б қызықты қағаз ақшалар туралы айтылды. Екінші еңбегімізде ағаштан, талшықтан жасалған тиындар, салмағы 100 келі тартатын әлемдегі ең үлкен тиын, ең жеңіл және ең қымбат, қасиетті тиын, т.б. ерекше тиындар жайлы жазылды. Ал, бүгін формалары тым бөлек, өзгеше жасалған тиындар туралы сөз қозғаймыз...

Раи тастары

Яп аралында Раи тастары ақы төлеу үшін жұмсалады. Раи тасы – әктастан жасалған, диаметрі 5 метр болатын, ортасында саңылауы бар диск. Құны тастың көлемі мен салмағына байланысты бағаланады. Тастың бағалы екендігін оны бір жерден екінші жерге апару кезіндегі бірнеше адамның құрбан болғаны айғақтай алады. Бұл арал Микронезия Федерациялық Штатының бөлігі ретінде есептеледі.

Кисси ақшалары

Жиырмасыншы ғасырға дейін бірқатар елдерде, Батыс Африканың тайпаларында Кисси ақшалары пайдаланылған. Олар – ұзындығы 30 см болатын, бұралған темір таяқшалар. Бұл таяқшалардың бір ұшы «Т» әрпіне, ал бір ұшы күрекке ұқсас болған. Ақшаның толық атауы – «Кисси-пенни». Сатып алар затыңыз көп болса, темір таяқшаңыздың көп байланғанын беріп төлейсіз. Мысалы, бір сиыр алсаңыз, жүз рет байланған таяқшаңыздың жиырма талын бересіз.

Сентинниал ағаш ақшасы

Канаданың Мус-Джо қаласында Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін ағаштан жасалған ақшалар пайдаланылған. Ақшаның ағаштан жасалу себебі, сол кездерде металл атаулы бұйымдар өте сирек кездескен. Енді бір қызық дерек, кельттер о дүниеде өмір сүруге қатты сенген. Бұл дүниеде қарызға ақша беріп, о дүниеге барғанда қайтаратындай шарт қойған екен. Бұл ақшалар түріне ғана қарап емес, құнына қарап та ажыратылады екен.

Геометриялық формаларға ие ақшалар

Сомали – ерекше тиындардың отаны секілді. Бұл елден цилиндр, конус, шар және куб пішіндерімен жасалған күміс тиындарды кездестіре аласыздар.

Алмаз тиын

Ұлыбританияда 2012 жылы ең кішкентай тиын жасалған. Оның ерекшелігі – алмаздан жасалғандығында. Оған қоса, ІІ Елизаветаның портреті бейнеленген. Оның көлемі – 750 нанометр.

Гитара, көлік, мотоцикл пішініндегі Сомали тиындар

Ерекше тиындар қатарына Сомалиде он жыл бұрын шығарылған жоғарыдағы тиындар жатады. Оның ерекшелігі, күмістен, гитара формасымен жасалған. Олардың номиналы – 1 АҚШ доллары. Бұл тиын рок-н-роллдың 40 жылдығына арнайы шығарылса керек. Сонымен қатар, көліктің, мотоциклдің формасымен жасалған тиындар да бар.

Ғарыш туристеріне арналған тиындар

Ластер университеті Америкалық Ұлттық ғарыш орталығымен бірлесе отырып, ғарыш кеңістігінде ғана қолдануға болатын ақша жасаған. Quid деген атауға ие болған тиындар Жер бетінде қолданылмайды. Бұндай тиындар ерекше қорғаныс қабатымен жасалған. Олар ғарыштағы барлық күшті көтере алады екен.

Тутанхамон тиыны (Күміс пирамида)

Бұл тиын бес жыл бұрын, Тутанхамон қабірін тапқан Говард Картердің өмірден озғанына 70 жыл болғанына орай жасалған. Тиында қабірдің қабырғалары мен күн бейнеленген. Бір қызығы, тиынның жоғарғы тұсында, қабірден алынған кішкене құм салынған.

Оқи отырыңыз:

1. Ғаламның ғажайып ақшалары

2. Ғаламның ғажайып ақшалары #2

3. Ақша үнемдеудің сегіз тәсілі

4. Ақша жайлы 13 толғам

Сурет: dostoyanieplaneti.ru, credits.ru, byaki.net, blog.joins.com, cdn.mamaplus.md, img.spokeo.com.