Ғаламның ғажайып ақшалары

Адамзаттың өркендеу сатысында қарапайым ақшалар да түрлі сипатқа ие болған. Ол, әрине, елдің ұлттық болмыс-бітіміне, экономикалық жағдайына тікелей байланысты. Олай болса, заман өзгерген сайын сан құбылған мына ақшалар топтамасымен таныс болыңыздар. Алдағы уақытта әлемді таңқалдырған ерекше тиындарды да назарларыңызға ұсынатын боламыз. Тамашалап, ой бөлісіп отырыңыздар! 

♣ Дисней долларлары

Бұл доллар ең алғаш 1987 жылы шығарыла бастаған. АҚШ долларының сипатына ие болған бұл ақшалардың ортасында Гуффи, Микки секілді мультфильм кейіпкерлері бейнеленген. Қазіргі таңда 50, 10, 5 және 1 Дисней доллары бар. Сіз бұл ақшалармен кез келген жерде жүре алмайсыз. Өйткені, Дисней долларын басқа жерлерде қолдану шектелген. Тек Уолт Дисней аралында, саябақтарында пайдалануға ғана құқығыңыз бар.

♣ Шарап ақшалары

1917 жылы қазан төңкерісінен кейін Якутия Республикасында ақша орнына қарапайым шараптардың заттаңбасы (этикетка) қолданылған. Оны аталған республикадағы наркомфин Алексей Семенов шығарған екен. Бұған Максим Горькийдің «Бірлік туралы» атты очеркіндегі осы «ақшалар» жайында жазылғаны дәлел бола алады. Херес, Кагор, Мадера, Портвейн сынды шараптарға түрлі түсті заттаңбалар жапсырылған. Ал, заттаңбаларға Семенов наркомфиннің мөрін қойып, бағасын белгілеген. Бірақ, бұл ақшалардың ғұмыры ұзаққа бармаған. Кеңес үкіметі кезінде шарап ақшаларын өртеп жіберген екен.

♣ Футболшыға құрмет

2006 жылы Ирландияның ұлттық банкі 5 фунттық банкнот шығарды. Көп данамен шығарылған бұл ақша өмірден өткен, аталған елдің ең мықты футболшысы Джордж Бесттің құрметіне арналды. Ақшаларда Джордждың әртүрлі суреттері бейнеленген екен.

♣ Ең кішкентай қағаз ақша

Румынияда ХХ ғасырдың бас кезінде шығарылған бұл ақшаларды қазіргі жолда жүру билетімен шатастыруыңыз мүмкін. Оның көлемі бар-жоғы – 3 см.

♣ Ең үлкен қағаз ақша

Бұл ақша Қытайда ХIV ғасырда шығарылған. Ол ақ бұғының терісінен жасалған. Оның көлемі 1 чи – 33 см.

♣ Ең құнды қағаз ақша

Венгрияда 1940 жылы шыққан бұл ақша әлемдегі ең «ірі» ақша болып есептеледі. Ол секстиллион пенгёні құраған. Бірақ бұл валюта Венгрияда 1927 жылдан 1946 жылға дейін сақталған.

Ең ежелгі қағаз ақша

Бүгінгі қағаз ақшаларды алғаш жасағандар – қытайлықтар. Оның тарихы сонау б.д.д І ғасырдың соңында басталған. Бірақ, сол дәуірдің ақшалары қазір сақталмаса да, олар мынадай нұсқада болған. 

Сурет: uznayvse.ru, grist.files.wordpress.com, dengodel.com