- Негізгі бет
- Сын
- Нұрбол Құдайбергенов. "Ар...
Нұрбол Құдайбергенов. "Ар арызын жазатын қаламгер" (Жалғасы)
"Ар арызын жазатын қаламгер"
(Жазушы Аягүл Мантаеваның шығармашылығы хақында)
Енді біз жазушының «Депрессия» атты әңгімесін оқуға кірістік. Бес баласын бес еркектен тапқан әйелдің Айкөркем атты қызы да өсе келе өзгере берді. Оның мінезіндегі ғана емес, киім киісіндегі, жүріс-тұрысындағы өзгешелік өз құрбы-қатарластарынан алыстатып жіберген. Тек ол ғана емес. Әр оқушының көкейінде «ол біздің әкеміздің не ағамыздың қызы емес пе екен» деген күдік-күмән бар. Жезөкшелігімен танылған Жұпарды 4 қызымен тракторшы кісі алады. Айкөркемнің 4 әпкесі бар. Бірақ сыныптас достары да, ең жақын құрбысы да Айкөркемнен алыс жүргенді жөн көреді. Қаладан ауылға сирек келетін әйелдің 5 қызы да қараусыз қалды. Ауылда некесіз сәбилер көбейіп кетті... Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Не үшін жезөкше әйелді 4 «жетімегімен» қарапайым тракторшы жігіт алды? Жауабы мәтінде тұр. Ол – оқымысты, кітапханадан сөмке-сөмке кітап тасып әкететін кісі. Сол үшін де балалар оны «данышпан адам» деп атайды. Әңгімеде кітапты оқитындардың тым азайып кеткені де, және санаулы кітапқұмардың қоғамдағы қасіретке тосқауыл болғысы келіп, күрескенімен қауқары жетпей жатқандығы көрінеді. Өйткені, тракторшы жігіт жынданып өледі. Адамзаттық құндылық болып табылатын ізгілік шырағының тым бәсең тартып қалғандығы тұспалданып айтылады. Ал бес қыздың тағдыры да талапайға ұрынды, бесеуі де жезөкшелік жолға түсті. Оқырман жауапты іштей дайындап отырады. Себебі, олар тәрбиесіз қалды, жүрек жылуы мен мейірімге шөліркеп өскен ұрпақтан абзал азамат шықпайтыны кішкентай штрихтар арқылы сенімді бейнеленіпті. Әңгіменің осы эпизоды бүгінгі қоғамдағы аса өзекті мәселелерді жайып салды алдымызға. Айкөркемнің асқан сұлулығына қаншама жігіт құласа да, өзі сүйген жігіт басқа қызға мойын бұрып кетті. Отбасында да, махаббатта да, жалпы өмірде еш жолы болмаған қыз жалғандықты жанына ермек етті. Өзі де анасындай «кәсіп» тапты. Материалдық игілікті ізгіліктен іздемеді, жезөкшелікке барып, өзді-өзін алдарқатты. «Менің жаным сезімді іздемейді, тәнім болса ақшаны іздейді. Тәнім ар-ұятым мен намысымнан да қымбат. Сезімім мен үмітім, қиялым мен арманым алдап кетті. Қарызға құрбым бермеген ақшаны тәнім тауып берді». Осы жолдарда бүгінгі ұрпақтың қасіреті жатыр. Әрине, кейіпкердің өзі айтқандай, бұл оның өзінің ғана шындығы. Араға сегіз жыл салып құрбысы Айкөркеммен кездесті. Көзіне көрінген қара мысықтың ызғарлы көзқарасына шыдай алмай, есінен танып, ауруханаға түсті. Дәрігер даладан теріп әкелген бес тал қызғалдақтың екеуін терезеден лақтырып жібереді. Бұтаққа қонған жазықсыз торғайды жазым еткелі келе жатқан мысықты қуып жіберу үшін осылай жасады. Иә, ол «гүлді лақтырып тастаған жоқ, торғайды ажалдан арашалап алды». Иә, тракторшы жігіт өз өмірін обал етпеді, ол 5 қыз – торғайды тұрмыс ажалынан арашалап алғысы келді. Әйтсе де, тракторшы жігіт пен қызды ақтап алғымыз келмейді. Қыз өз құрбысының алдында жазықты. «Достығы сыналатын қыл өткелден оның қолынан жетектеп өте алмағаны үшін, қап-қара көзіндегі мұңын түсіне алмағаны үшін жазықты». Тракторшы жігіт өз әйелін жөнге салып, қыздарына тәрбие бере алмағаны үшін, жынданып өлгені үшін жазықты. Жағымды-жағымсыз кейіпкер, қысқасы. «Депрессиясында» басталғаннан-ақ жан-жануарлар мен жәндіктер әлеміне еніп кеткендей болдық. Көбелек пен шіркей, аппақ құс, құмыраға отырғызылған гүл, ақыры – қара мысық. Біздіңше, жазушы тым аллегориялық-символикалық қадамдарға бара бермей, негізгі бейнелердің болмысымен таныстырғанда ұтымды шығар еді. Осылай десек те, әңгіме әдемі аяқталған: үтірі бір түрлі көрінгенімен, нүктесі шын қуантты.
Аягүлдің «Маргаритасы» мен «Балалықтың көктемі» және «Қабір гүлі» әңгімелері оқырманды еріксіз елітіп әкетеді. Балалар әлемін шебер бейнелей алған туындылар. Әңгімелерін оқи отырып, оқырман да өзінің балалық шағына саяхат жасағандай күй кешеді. Жоғарыда аталған әңгімелеріндей емес, кейіпкерлер ойшылдыққа салынбайды, естелік-эссе түріне келіңкірейді. Сонысымен әсерлі, сонысымен құнды. «Балалықтың көктеміндегі» кейіпкердің нағашы жұртындағы қилы қызықтарына қызыға қарайсың. Атасы еккен қауындарды жарып жеуі, дуанадан қашып тығылуы, үлкендердің құлағын қызарта бұрауы – бәр-бәрі нанымды суреттер. Шынында да, біз Дулат Исабеков айтқан «балалар әлемін, оны қоршаған үлкендер әлемін табиғи күйінде, еш боямасыз тауып, олардың тосын мінездеріне, іс-әрекеттеріне әрі таңырқап, әрі езу тартып» отырдық. Осы әңгімелер ішінде, әсіресе, «Қабір гүлі» әсерлі шығарма болып шыққан. Балалықтың риясыз көңілі мен пейілі анық көрінеді. Сегіз жастағы бала қиял «тіршілік жағалауынан алыстап кеткен ағаларын» оятқысы келді. Қасына тоғыз жасар Санжар мен жеті жастағы Бұрымды ертіп, зиратқа беттеді. Көмілген сүйектерді көрді. Бұрым жас қабірдің басындағы гүлді жұлып, құшырланып иіскеді. Көп ұзамай Бұрым қайтыс болды. Мұны білген әкесінің бүлдіршін қызын ұрысуы заңды: «Моланы аралап жүріп балалығыңды ұрлатып алғаныңды білесің бе сен!? Қазір ештеңе түсінбейсің, кейін бала кезіңде біраз нәрсені түсініп қойғаныңды ойлап, көп қиналасың». Әңгіме тек Бұрымның ғана емес, қазіргі қазақ қыздарының бұрымы да «қайтыс» болғанын астарлап айтқандай әсер етті. Жазушы ағынан жарылып, адал-ақтық сөзін айтып ақтарылады. Жас қабірден жұлған гүлді Бұрым бұған қимаған-ды. Расында, ол «гүлді емес, ажалды қимаған екен»...
Күлудің түр-түрі болады екен. Аягүл Мантаева кейіпкер күлкісін сан құбылтып береді. Әйтсе де, оның кейіпкерлері көбіне мұң-қайғыға салынған адамдар. Жауһар «мұңдана күледі». Біресе «мұңлы жымиса», біресе «көңілсіз езу тартады». «Мәңгілікке құштарлық» әңгімесіндегі кейіпкер «зорлана жымияды». Әйтеуір, Аягүлдің кейіпкерлері өмірге қапа. Жалпы, бүгінгі жастар шығармашылығында өмірден түңілу бар. «Жауһарда» екі уыз қыздың жылап отырғаны айтылады. Қиыны – себепсіз жылайды. Сөйте тұра, «мұңдана күледі». Аягүлдің кейіпкерлері өлімді жиі еске алады. «Жауһарда» адамзаттың бұл өмірге өлу үшін келгенін ескертеді, «түбі бәрінің өлетінін ойласа, жүрегі қуанышқа бөленетін» кейіпкерді «Интуициядан» кезіктіреміз. «Мәңгілікке құштарлықта» да кейіпкер «әдеттегідей өлімді ойлап отырады». «Томпақта» да өлік шығатын үйде тамақ іздеп жүрген ашқұрсақ бүлдіршінді көріп, жүрек езіледі. Мұның бәрі автордың таным-түйсігі мен ішкі психологиялық әлемінен хабар беретін детальдар.
Аягүлдің соңғы әңгімелерін оқығанда, оның әлем әдебиетінен көп сусындағанын байқадық. Стилі де, сөз саптауы да өзгере бастаған. Күрделі, жаңаша жазуға тырысады. Ертеректегі әңгімелері көбіне балалар әдебиетінің тәуір үлгілері деуге болады. Ал соңғы уақытта жазылған туындыларында жаңашылдық басым.
Аягүл Мантаеваның шығармаларында Оңтүстік өңірінің табиғаты мен тыныш-тіршілігі тұнып тұр. Әр жазушы өз өмірінің өткелдерін жазады ғой. Ауылдың тәлпіш әйелінің әрекеті мен шалғайдағы шайлада айтылған әңгімелер, мақта терім мен қауын пәлегі – бәрі де оқырманды қызықтырып отырады. Оңтүстік өңіріне тән сөздер, диалектілер әдеби бейненің мінезін ашуға көп көмектесіп тұр. Әдебиеттің басты міндеті – образ жасау десек, өмірдің өнердегі сәулесін біз жазушы әңгімелерін оқу арқылы жүрегімізге түсірдік. Жан жылып, көңіл қош болды.
Автор: Нұрбол Құдайбергенов
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: ferar.in.ua
Н. Айдархан