- Негізгі бет
- Сын
- Нұрбол Құдайбергенов. "Ар...
Нұрбол Құдайбергенов. "Ар арызын жазатын қаламгер"
"Ар арызын жазатын қаламгер"
(Жазушы Аягүл Мантаеваның шығармашылығы хақында)
«Ар азығынсыз құр өнердің өсуімен басқалар бақытты бола алмағаны секілді, келешекте қазақ та бақытты бола алмайды», - деген Сұлтанмахмұт сөзі бүгін де мәнді, маңызды. Ғылым мен технология дамып, өркендеген сайын адамзат өмірінде түрлі рухани дағдарыстың белгілері қылаңдана бастады. Оны ұлттық және жалпыадамдық құндылықтар арқылы «емдеу» ісі қашанда қажет. Әсіресе, сөз өнерінің міндеті бөлек бұл жерде. Өйткені, «әдебиет – ардың ісі». Ұлттық құндылықтар мен адамзаттық мұраттардың ар нүктесінде қиылысатыны да сондықтан. Ғасырлар бойы қаламгерлердің қаламына азық, жырына арқау болған адамшылық мәселесі тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиетіміздің өкілдері үшін де таңсық тақырып емес. Әсіресе, жастар үні өзгеше естіледі.
Аягүл Мантаева – жастар арасындағы өзіндік стиль-соқпағын тапқан жазушы. «Жаңбырлы көктем» атты әңгімелер жинағын оқығанда, талапты жазушының талантты жазушы екеніне көз жеткіздік. Баспасөз бетінде алғаш жарияланғанда-ақ оның «Жауһар» атты әңгімесі көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл әңгіме несімен ерекшеленеді? Шығармада қиюласқан күрделі сюжеттік желі жоқ, қарапайым оқиғаның өзінен ойлы дүние туыпты. Әңгіменің ажарын ашып тұрған нәрсе – кейіпкерлер арасындағы диалогтар. Әңгіме қала шетінде пәтер жалдап тұратын екі қыздың тағдырын қысқа қайырып сипаттаудан басталады. Таныстары шақырған кешке бармай, үйде кітапқа көміліп, болашақ ханзадасын қиялдап отыратын екі қыздың әңгімесінен өкініш пен үміттің салқыны еседі. Қаланың қалталы шегір көз жігіті оқиғаны баяндап тұрған қызды сүйеді. Ал оның құрбысы шегір көзге ғашық. Қаланың қу жігіті өз сүйгеніне қолы жетпеген соң, өзін сүйетін құрбысына қол салады. Ойыншық етіп, арын таптайды. Жүкті болған Жауһар ауылға кетіп, содан оралмайды. Өмірден безініп, дүние салыпты. Жазушы мұның жауабын алдын ала Жауһардың өз сөзімен береді: «Өмірге ешқандай ұрпақ әкелгім келмейді. Қайғы-мұң арқалап ол да өмірден өтеді. Бір бақытсыз жанды өмірге әкелмей, сауап іс жасағым келеді», - деп беталды күле берді» деген Жауһардың сөзінде қоғамдағы қазіргі жауһарлардың таным-түсінігі ашылады. Жауһар да, шегір көз де – типтік бейнелер. «Шынайы өмір сүргісі келмейтіндердің» бет-бейнесі боямасыз беріледі. Осы жиынтық бейнелер арқылы жастар арасындағы дендеген дерттің, рухани кемістіктердің кеспірі көрінеді. Араға бес жыл салып ол өздері тұрған баяғы пәтерге барады. Арт жақтан шыққан дауысқа ойы бөлінген қыз баяғы шегір көз жігіттің мүгедек күйіне түскенін көреді. Мұнда да «жамандық қылсаң, түптің-түбінде ол өз басыңа келеді» дейтін ежелден белгілі заңдылықтың белгісі білінеді. Өзіне ессіз ғашық болған қыздың, ауылдың қарапайым қызының обалына қалған шегір көз сары жігіт мүгедектер арбасына таңылған. Бірақ ол оған өкінбейді. Ең қиыны да – осы. Қайта кекесінді қалпымен қызды кешкі биге шақырады. Жігіт демде жақын арада жазылып кететінін, әлі де қызға ғашық екенін, келісім берсе, пәтер мәселесі бір сәтте-ақ шешілетінін айтып үлгереді. Бірақ қыз жүрегі жіби қоймайды. Шегір көз өз сырын: «Кейде ойға батып отырып, не ойлағанымды ұмытып қаламын. Себебі мен ештеңе де ойламаған едім. Кейде күліп тұрып жылағым келеді. Мұңайып тұрып күлкім келеді. Себебі, мен өмірдің қарапайым екенін, тек оны өзіміз күрделендіріп жіберетінімізді түсінем», - деп ашқандай болады. Дәл осы сөздер баяндаушы қыздың әңгіме басындағы Жауһарға айтқан «Мен ұйықтап жатып ояу жатқандай, ояу жатып ұйықтап жатқандай сезінем. Күн суық күні ыстықтап жүремін, ал ыстықта тоңып жүремін» деген сөзімен ұқсас, ұштас. Қыз жігіттен бір медеу болар демеу тапты ма, оның ығына жығылып, ыңғайына көнгендей болды. Бірақ соңғы рет пәтерге көз салған қыз ұзап кетті. Әңгіме біткенде көп нәрсенің шешіміне қол жеткізе алмай ойға баттық. Асылы, ойландыратын шығарма – осал шығарма емес. А. Мантаеваның кейіпкерлері аз айтады, бірақ соған көп нәрсе сыйғызып айтқысы келеді. «Жауһардан» бүгінгі қала жағалап, пәтер жалдаған қазақ жастарының әлеуметтік жағдайы ғана емес, олардың психологиялық бітім-болмысы мен ішкі күйініш-сүйініші де айқын көрінеді.
Асылы, Аягүл көп сөзді жазушы емес, ойын қысқа қайырады. Жазушының шеберлігіне төлқұжат болатын сипат – оның тілі. Аягүлдің әңгімелері түсінікті болғанымен, кейбір тілдік қолданыстары көңілімізден шыға қоймайды. «Күн суық күні ыстықтап жүремін», - дейді оның кейіпкері. Әрине, кейіпкерді сөйлетіп отырған – Аягүлдің өзі. Осы жерде «күн суық күн» деген тіркестен гөрі басқа да ұтымды тіркестерді іздегені жөн болар еді деп ойлаймыз. Жауһардың ақтарыла отырып: «Мен оны жақсы да көрмеймін, жек те көрмеймін», - дегеніне сенімсіздене қарадық. Өйткені, «жек те көрмеймін» деген ойнақы тіркестей көрінгенімен, ойлы тіркес емес секілді бізше. Ал «Әйтпесе, мен өлген адаммын ғой», - деді бар болғаны, - деп үнсіз қалды» деген жолдардың коррекциялық қателіктің кесірі деп ұғайық. «Жауһар» атты шағын әңгімесі арқылы жазушы қазақ қоғамындағы бір ауық шындықты оқырман алдына жайып салды. Өмірдегі шындықты өнердегі шындыққа айналдыра білу – жазушының шеберлігі ғана емес, міндет-борышы да.
Автор: Нұрбол Құдайбергенов
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: radionetplus.ru
Н. Айдархан