- Негізгі бет
- Сын
- Жанар Айлашова поэзиясы...
Жанар Айлашова поэзиясы жайлы Ербол Бейілханның пікірі
(Жанар Айлашованың шығармашылығы жайлы аз сөз)
Тері алынбаған жүйріктер болады. Аламанға түсуге жолы болмаған.
Не, иесі атының жүйрік екенін танымаған. Бәлкім, тарам-тарам жолдай тағдыры көсілуіне, шешілуіне мүмкіндік бермеген... Жүйрікте мін жоқ. Көсілгелі тұр. Бап керек. Бағы, Жаратушыдан.
Жанар Айлашова маған сондай ақын көрінді. Ол:
Шаршап жүріп шаттығы кем шалғайда,
Армандаушы ем, айналамды ой қамап.
Неге екенін, мендік тайқы маңдайға,
Тұрақтамай қойды бақыт тайғанап?..
...Жыр да тумай кірбіңі көп көңілден,
Жауап таппай санам сансыз сұраққа.
Өлең іздеп өтірікші өмірден,
Мен мәңгіріп жүре бердім жырақта.
...Шаршаңқырап жүргенімде шалғайда,
"Қалқам-ау" деп құшақ жая қарсы алдың.
Өлең болып өзің қонған маңдайға,
Ең алғашқы әжімді де сен салдың... (Маңдай)
Ақын - лирикаға жақын. Қызға тән жүректегі нәзік сезімін кестелеп өлең етеді. Жүрегіндегі тылсым кейіпкеріне еркелей отырып, мұң, шерін айтады.
Шемен жүрегім - қара тасымды,
Қандауыр сөзбен қанатқаның үшін.
Такаппар, шалқақ, дара басымды,
Бұрылып қайта қаратқаның үшін...
...Еріндерімді сен, семіп қалған,
Сүюге қайта үйреткенің үшін.
Махаббатымды мерт болып қалған,
Тірілтіп, қайта күйреткенің үшін... (Рахмет)
Өлең - шынайылығымен өлең! Әдемі сөзді теріп, бір-біріне қосарлап, тіркес жасап, мың құбылтып оқырманға ұсынғанмен, ондай дүниелер жүрекке жетпейді. Күштеп құрастырған ой мен ұйқастың астарына қарасаңыз, тігісі сөгіліп, ойы жыртылып жатады. Жанар не ойлайды, нені жазғысы келеді соны жазатын шынайы талант. Оның өлеңдері о баста -ақ маған осы қалпымен ұнады. Жасандылықтан ада.
Тәңірден жалғыз тілерім дер ем,
Шамалы маған сыйдың керегі.
Жұлымы шыққан жүрегімменен,
Менің әлі де сүйгім келеді...
Немесе:
...Сипап қойып сол жақтағы тігісті,
Сырласамын саулелі аймен түнде мен.
Көздеріме көрінбеуге тырысшы,
Жамап қойдым жүрегімді жырменен! (Жамау)
Сөз қонған елдің баласы. Қазақы тілдің төркініне қанық.
Толқын да, толқын теңіздің қызы.
Қазақтың арғы-бергі тарихын ғана емес, көне сөздерін жақсы білетін жан екені өлеңдерінен байқалып тұр. Тілдік қоры да бай.
Енді тілдегі мол байлықты ой көркемдігіне ұластыра алса, Жанардың поэзия әлеміндегі орны тұлпардың ізіндей айшықтала бермек... Жанарға ақ жол тіледік!
Жанар Айлашова. Жүрегімді жамап алдым өлеңмен
Автор: Ербол Бейілхан, ақын
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: france-for-you.ru
M. Auelkhan