Жанар Айлашова. Жүрегімді жамап алдым өлеңмен

Жанар Айлашова. Жүрегімді жамап алдым өлеңмен

Айлашова Жанар Асанқызы 1984 жылы 20 қаңтарда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Бейнеу ауылында дүниеге келген. М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-нің түлегі. Қазір "Қазақстан Ақтау" телеарнасында редактор-жүргізуші. Бала кезінен әдебиетке құмар. Облыстық, аймақтық ақындар айтысына қатысқан. Өлеңдері ұжымдық жинақтар мен облыстық, республикалық мерзімді баспасөз бетінде жарияланған.

РАХМЕТ!!!

 

Шемен жүрегім - қара тасымды,

Қандауыр сөзбен қанатқаның үшін.

Тәкаппар, шалқақ, дара басымды,

Бұрылып қайта қаратқаның үшін...

 

Бәрін де білем деп жүргенімде,

Туындап қалған сұрақтарым үшін.

Сезімге шөлдеп көп жүргенімде,

Сылдырай аққан бұлақтарым үшін...

 

Еріндерімді, сен, семіп қалған,

Сүюге қайта үйреткенің үшін.

Махаббатымды мерт болып қалған,

Тірілтіп.., қайта күйреткенің үшін...

 

Сұп -сұр тіршілік, әлемді мына,

Мың сан құбылтып боятқаның үшін.

Арнатып саған өлеңді мына,

Мендегі ақынды оятқаның үшін...

РАХМЕТ!!!

***

Тәңірден жалғыз тілерім дер ем,

Шамалы маған сыйдың керегі.

Жұлымы шыққан жүрегімменен,

Менің әлі де сүйгім келеді.

 

Сүйгім келеді тағатым бітіп,

Телміре қарап, келер жолына.

Қиялымменен жарасым күтіп,

Сеніммен маған берер қолына.

 

Сүйгім келеді шалықтап, күліп,

Сәбидей ессіз, таза жүрекпен.

Құс болып көкте қалықтап тұрып,

Айдынға қонбай ажары кеткен.

 

Сүйгім келеді қап-қара түнде,

Қара нөсерге малынып тұрып.

Жалқы бағымды баянды қыл деп,

Жаратқаныма жалынып тұрып.

 

Сүйгім келеді, қоштасар уақыт,

Соншалық жылдам жетпесе екен деп,

Беймезгіл уақта берілген бақыт,

Ғайыпқа сіңіп кетпесе екен деп.

 

Сүйгім келеді оны қызғанып,

Бүкіл пендеден бұл әлемдегі.

Сумаң күдіктің соғып ызғары,

Қалса да ерінде, сірә, кермегі.

 

Сүйгім келеді, сұқтанған жанар,

Сумақай сөздің елемей бәрін.

Мен едім мәңгі бұлттанған арал,

Жарық Күн болсаң, келе ғой, Жаным!

 

Сүйгім келеді гүл ерінменен,

Жұпарын жаздың жиғым келеді.

Жұлымы шыққан жүрегімменен,

Менің әлі де сүйгім келеді.

Жамау

 

Қарс айрылып кете ме деп көкірек,

Үміт үркіп демалуға тереңнен.

Сен кеткенде сөгітіліп кетіп ед(і),

Жүрегімді жамап алдым өлеңмен.

 

«Белгісіздік» деп аталған дастаным,

Көңілімді қарап едім парақтап.

Әр жерінен ине шанши бастадым,

Қаламымды сағынышпен сабақтап.

 

Санамдағы менің сансыз сабылыс,

Кінәлі деп көрсетер сен бағытты.

Сандығымның түбіндегі сағыныш –

Шарық жіпке исің сіңіп қалыпты.

 

Жігерімді жұдырыққа жиып ап,

Өрт боп өзек, іштен тынып, өксідім.

Өкінішті ойдан оймақ киіп ап,

Төзім деген тебенменен тепшідім.

 

Жұбату көп, ащы шындық аз мұнда,

Жазылсын деп жара орнын күйдірген.

Соңғы өлеңді өзің жайлы жаздым да,

Үнсіз ғана үзіп жіпті, түйдім мен...

 

...Сипап қойып сол жақтағы тігісті,

Сырласамын сәулелі аймен түнде мен.

Көздеріме көрінбеуге тырысшы,

Жамап қойдым жүрегімді жырменен!

КӨЗ

 

Жайқалған жаздағы гүлі жоқ,

Көк мұздан көпір бар арада.

Жаныңды жылытар нұры жоқ,

Сен менің көзіме қарама!

 

Сен менің көзіме қарама,

Бейнеңді құшқысы кеп тұрар.

Көңілім көп өксіп қала ма,

Көзімде көлкиді көк мұнар.

 

Бұл тағдыр көмескі түсімен,

Құйындап кеп соқты бізге де.

Жарқ еткен жанарлар ішінен,

Сен менің көзімді іздеме...

 

Баянды етпеген сезімді,

Бақытсыз жандармыз, талайсыз.

Тайдырып әкет сен көзіңді,

Түйісіп қалса егер абайсыз.

 

Тайдырып әкет сен көзіңді,

Мұң толы мендегі қарашық.

Ірке алмай іштегі сезімді,

Сен болып тұнады дара шық.

 

Кешегі күндердей керемет,

Жанарым сеппейді шуақ, нұр...

Қарасаң, алайда, "Неге?" деп,

Көзімде бір ғана сұрақ тұр.

 

Сол сұрақ мазалап әлі жүр,

Сол сұрақ тұз сеуіп жарама.

Сен жауап бермейсің бәрібір,

Сондықтан көзіме қарама!

 

Маңдай

 

Шаршап журіп шаттығы кем шалғайда,

Армандаушы ем, айналамды ой қамап.

Неге екенін, мендік тайқы маңдайға,

Тұрақтамай қойды бақыт тайғанап.

 

Шабыт келмей түнді серік ететін,

Жыр бағынын сөз сабағын таңда үздік.

Тағдырымның таңбасы да қате тым,

Маңдайыма жазылған ба жалғыздық?

 

Жыр да тумай кірбіңі көп көңілден,

Жауап таппай санам сансыз сұраққа.

Өлең іздеп өтірікші өмірден,

Мен мәңгіріп жүре бердім жырақта.

 

Уайыммен буазытқан уақытты,

Жазмыштың жықпылы мен жырасы.

Өгейсіткен бармақтай-ақ бақытты,

Бәрі-бәрі маңдайымның кінәсі... ...

 

Деп жүргенде, өміріме өкпелеп,

Мөлдір көзден моншақтарым тамып мың.

ӨЗІҢ ендің әлеміме, бөп-бөлек,

Бұлт ішінен шыққандай боп жарық күн!

 

Керек енді маған жыр боп ағылу,

Өлең болып өзің тұрсың санамда.

Оңай емес бақытыңа жолығу,

Ал бақытты болу қиын одан да!.. ...

 

Шаршаңқырап жүргенімде шалғайда,

"Қалқам-ау" деп құшақ жая қарсы алдың.

Өлең болып өзің қонған маңдайға,

Ең алғашқы әжімді де сен салдың...

Мен саған сыйладым...

 

Көзінде ойнаған күн нұры,

Періште үнімен тіл қатып.

Шуақтан жаралған жып-жылы,

Мен саған сыйладым бір БАҚЫТ!

 

Моншақты кірпігім дірілдеп,

Білдіріп бәріне бейілін.

Қасаңдау жүрегің жібір деп,

Мен саған сыйладым МЕЙІРІМ!

 

Сезімнің ырқына көнбейтін,

Сұп-суық түндерден түңіліп,

Жүргенде жаныңды емдейтін,

Мен саған сыйладым бір ҮМІТ!

 

Көңіліңді ауламай көп дүрмек,

Өртенді-ау өзегің жанып іш.

Аңсаумен мәңгілік өтсін деп,

Мен саған сыйладым САҒЫНЫШ!

 

Сүреңсіз күндерде сұрқы кем,

Жолыңды жаңылмай таба біл.

Сүрсін деп күнәсіз күлкімен,

Мен саған сыйладым ЖАҢА ӨМІР!

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: автордың жеке мұрағатынан, liveinternet.ru

M. Auelkhan