- Негізгі бет
- Сын
- Дидар Амантай. "Ұстаздың...
Дидар Амантай. "Ұстаздың күні"
ERG компаниясының қолдауымен Мәдениет порталы ұйымдастырып жатқан SEMSER конкурсына жазушы Ырысбек Дәбей "Бір сабақ" әңгімесін қосқан. Жарияланған әңгімеге белгілі жазушы Дидар Амантайдың жазған сынын назарларыңызға ұсынамыз.
Ырысбектің (Дәбей) “Бір сабақ” әңгімесі Мұқтар Әуезовтің “Қорғансыздың күні” атты шығармасын есіме салды.
“Қорғансыздың күнінде” қыр қазақтарының қалаға қатынайтын қара жолы үстінде жатқан Арқалық тауы етегіндегі Күшікбай кезеңін паналаған жалғыз қора, бір үйлі жан екі ауыр қазадан кейін ес жия алмай отырғанда, Ақан болыс атшабары Қалтайдың көрсетуімен азалы әулетті тағы бір өлімге байлап кетеді.
Жас ару, аяулы қыз бала, он үштегі пәк Ғазизаның боранды түндегі қиянат ажалына себепкер болады. Істің насырға шапқанын түсініп, жандайшап пен мырза таңертең ерте бас сауғалап, елден оқшау, оңаша жатқан қыстақтан, ат шаналарына отырып, алды-арттарына қарамай қаша жөнеледі.
Зорлық-зомбылықтың жасырын жасалатын әдеті.
“Бұл үйдің барлық жаны – үш-ақ әйел”, дейді Әуезов. Келесі бетінде: “… баланың уайымы не? Уайымы – осы үйдегі үш әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік”.
“Ол қабірде жатқан – Ғазизаның әкесі Жақып және жаны туысқан, жалғыз кішкене бауыры – Мұқаш”.
Ырысбектің әңгімесінде Дина атты ұстаз, үш қызынан соң көрген жалғыз ұлынан, жол апатына ұшырап, айрылып отырған Садық Мансұров пен Гүлжәмиға Құлжанова шаңырағына санаққа келеді.
Ұлы қаламгер, әкелі-балалы екеу бір ай бұрын сүзектен жығылып, қатар-қатар дүние салды деп жазады, жас жазушыда қазаға – үш ай, дәлірек, кеншілер наразылығы тұсында опат болады.
Дина мектеп жүктеген барлық тапсырманы орындауға мәжбүр. Көнбесеңіз – жұмыстан шығарады, көнсеңіз – жұмысты үйіп-төгеді. Қинайтыны – сабақ беруге қол тимей жатады, оқушыларға обал.
Оқу ісінің меңгерушісі, директорды айтпағанда, өзі би, өзі қожа. Директор – кәдімгі Ақан болыс, Қалтай атшабар – оқу ісінің меңгерушісі.
Ұстаздың күні де қорғансыздың күніндей. Жақтасатын адам жоқ, шағымданатын билік қайда бар.
Рас, біз эстетикалық ізденістердің соңына түсіп, әлеуметтік сипаттағы шығармалардан алыстап кеттік. Көркем өнердің бір қызметі қоғамдағы келеңсіз жайттарды күн тәртібіне шығарып, жолын кесу немесе алдын алу екендігін ұмыта бастадық. Әдебиет қашанда халық жағында болуы керек. Өнер алаңдарға емес, дөңгелек үстелдерге шақырады, сондықтан көркем шығармалардың тұрақтылықты сақтауда маңызы зор.
Әрине, туынды – шешім, резолюция, қарар, тіпті, мақала да, блог/пост та емес, оның әсері ұзақ мерзімге, бірнеше ұрпаққа арналған, бірақ, оқырман бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, бізді өмірде кісілікті, жанашыр, бір-бірімізге қамқор, ел алдында адал, өкімет алдында талапшыл болуға үйретеді.
Ең үлкен жау – Уильям Фолкнер Оксфорд университеті түлектері алдында, сөйлеген сөзінде келтірген – адам бойындағы қорқыныш. Билеуші топ (әлемдік күштер) қорқыныштың көмегімен бүкіл адамзатты басқарғысы келеді, дейді көркем әдебиет бойынша Нобель иегері. Себебі, қорқыныш тұлғаны көпшілік адамына айналдырады, сонда билеуге оңай.
Бұл туралы Хосе Ортега-и-Гассет те (“Көпшілік көтерілісі”), Элиас Канетти де (“Көпшілік және билік”) айтып-ескертіп кетті. Қоғам кешегі советтік кезеңнен қалған теріс мұра – үрей сезімінен құтылуы тиіс. Құтыла алмаса, үрейден біз, қаламгер жұрт, құтқаруымыз қажет.
Қорыққан адамда ес болмайды. Күшікбай кезеңі – қорқыныш кезеңі, кеңестік кезең – қорғансыздар мекені.
Бүгін – бізді Тәуелсіздік, Білім, Әділет қорғайды. Әділдікке деген құштарлық. Ұстаз берген дәріс. Алаш күрескен азаттық. Біз қаруланған құндылықтар…
Ырысбек Дәбей шығармасында халықтық сипат бар. Тілі жатық, құнарлы, жазу мәнерінде мін жоқ десек те болады.
Айта кетейік, Мәдениет порталы Республикалық "SEMSER" әдеби конкурсын жариялағанын жазған едік. Аталған байқауға осы уақытқа дейін 250-ден аса шығарма келіп түскен.
А. Оралқызы