Республикалық "SEMSER" әдеби конкурсы жарияланды

Республикалық "SEMSER" әдеби конкурсы жарияланды
Фото: plus.google.com

Жастар қай кезде де, қай қоғамда да дамудың негізгі қозғаушы күші, жаңалықтың жаршысы ретінде алдыңғы шепте жүреді. Олардың бойындағы бұла күшін белгілі бір арнаға бұрып, игі мақсатқа, ізгі істерге бағыттап отыру алдыңғы буын ағалардың міндеті деуге де болады. Сол себепті де Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Содан бері жастарға ерекше назар аударылып, әр салада өзін дәлелдеп жүрген таланттарға қолдау көрсеу мықтап қолға алынды. 

Осындай шаралардың бірі ретінде "Мәдениет порталы" "Алтын қазына" ҚБ-мен бірлесіп жастар арасында Республикалық "Семсер" әдеби конкурсын жариялап отыр. Конкурстың Бас демеушісі табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі - Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы. Еуразиялық топ (ERG) жыл сайын еліміздің рухани өмірін дамытуға өлшеусіз үлес қосып, әдеби-мәдени шараларға демеушілік жасап келе жатыр.

Республикалық "SEMSER" әдеби конкурсы Үздік проза, Үздік поэзия, Үздік әдеби сын деген 3 аталым бойынша өтеді. Бас жүлде - 1 000 000 теңге! Әр аталымның жеңімпаздарына 500 000 теңгеден жүлде тігіліп отыр.

Жалпы ережелер 
1-тарау 
1. Осы қағида "Мәдениет порталы" АА онлайн түрде Республикалық "SEMSER" әдеби конкурсын (бұдан әрі - Конкурс) өткізу тәртібін және шарттарын анықтайды. 
2. Конкурсты онлайн түрде ұйымдастырушысы  "Мәдениет порталы". Бас демеуші - Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы. Конкурс Жастар жылына арналып өткізіледі.  
2-тарау. Конкурстың мақсаты мен міндеттері 
1) Жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетіміздің беделін күшейту;  
2) Қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттау; 
4) Жастардың ұлттық санасын жаңғыртудағы әдебиеттің рөлін нығайту; 
5) Жас ұрпақтың бойында төл әдебиетімізге деген қызығушылықты күшейту;  
6) Жас ақын-жазушылардың қоғамдағы беделін арттырып, ұлттық сананы жаңғыртудағы қаламгерлердің рөлін нығайту. 
3-тарау. Конкурс шарттары 
1)    Конкурс "Мәдениет порталында" www.madeniportal.kz (бұдан әрі - Портал) онлайн режимде өткізіледі. Шығармалар автордың түпнұсқа тілінде ұсынылады (аударма қабылданбайды); 
2)   Конкурсқа бір автордан бір шығарма ғана қабылданады;  
3)   Конкурсқа ұсынылатын шығармалар БАҚ-да жарияланған немесе жарияланбаған, кітап болып басылып шығарылмаған және бұған дейін басқа конкурстардан жүлделі орын алмаған болу керек; 
4)   Бірлескен авторлардың шығармалары да қабылданады, өтінімде автордың (авторлар) жеке мәліметтері көрсетілуі қажет;  
5)   Конкурсқа қатысушы автордың тұрғылықты мекенжайына, азаматтығына, шығармашылық одақтардағы мүшелігіне ешқандай шектеу қойылмайды.  
6)  45 жасқа дейінгі кез келен автор қатыса алады. 
7) Конкурсқа қазақ тіліндегі шығармалар ғана қабылданады. 
Конкурсқа қатысу туралы өтінім мен әдеби шығармалар ағымдағы жылдың 24-маусымына дейін қабылданады.  
Конкурс келесі номинациялар бойынша өткізіледі: 

ГРАН-ПРИ – 1 000 000 тг. 
1. Үздік проза (эссе, новелла, әңгіме, повесть, роман) – 500 000 тг. (Лауреат атағы, Алтын төсбелгі) 
2. Үздік поэзия (топтама өлеңдер) – 500 000 тг. (Лауреат атағы, Алтын төсбелгі) 
3. Үздік әдеби сын (барлық әдеби жанрлар) – 500 000 тг. (Лауреат атағы, Алтын төсбелгі) 
4. Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби сыйлық (Лауреат атағы, Алтын төсбелгі) 
5. Саттар Ерубаев атындағы әдеби сыйлық (Лауреат атағы, Алтын төсбелгі) 

4-тарау. Конкурсқа қатысу үшін тіркелудің қағидасы  
1. Конкурсқа қатысу үшін автор порталға тіркелу қажет.  
2. "Онлайн конкурс" бөліміндегі "SEMSER" әдеби конкурсы бөлімшесіне өтіп, "Материал қосу" тетікшесіне кіре отырып, төмендегі жолдар толтырылуы арқылы шығарма орналастырылады: 
3. JPEG, PNG форматындағы фото жүктеу; аты-жөні, әкесінің аты (болған жағдайда);  
4. Шығарманың атауы;  
5. Автордың байланыс телефондары (бұл мәліметтер тек портал әкімшісіне ғана көрінеді);  
6. Автор туралы қысқаша мәлімет; шығарманың жанрын таңдау;  
7. Шығарманың толық мәтіні ".doc" форматында (шрифт  Times New Roman, кегель 14, жоларалық интервал - 1). 
8. Шығармалар редактордың тексеруінен кейін ғана жалпы оқырманға қолжетімді болады.  
9. Мәліметтер толық емес немесе қате болған жағдайда шығарма порталға орналастырылмайды. Бұл жағдайда портал редакциясы авторға мәліметтерді қайта енгізу қажеттігін ескертеді. 
10. Порталға орналастырылған шығармаларға оқырмандар онлайн дауыс беру мүмкіндігіқарастырылған.  
11. Дауыс берудің нәтижесі Конкурс қорытындысын шығару кезінде есепке алынады.  
12. Конкурстың қорытындысы 2019 жылдың 26-маусымында шығарылады және порталға жарияланады. 
5-тарау. Ұйымдастыру комитеті 
1. Конкурсты ұйымдастыруға басшылық етуді және өткізуді осы Қағидаға сәйкес "SEMSER" әдеби конкурсын ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) жүзеге асырады.  
2. Ұйымдастыру комитеті Конкурсты дайындау және өткізу мәселелері бойынша барлық мүдделі ұйымдармен қарым-қатынас жасайды.  
3. Ұйымдастыру комитеті Конкурстың шарттары, ережелері және өткізілу мерзімі туралы ақпаратты барлық республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.  
4. Ұйымдастыру комитеті Гран-при иегеріне берілетін "SEMSER" әдеби сыйлығының статуэткасын жасатады, әр номинация жеңімпаздарына берілетін Алтын төсбелгілерді және Мағжан Жұмабаев, Саттар Ерубаев атындағы әдеби сыйлықтың алтын төсбелгісін жасатады.  
5. Ұйымдастыру комитеті конкурс қорытындысы шыққан соң барлық жеңімпаздарды Нұр-Сұлтан қаласына жинап, салтанатты марапаттау рәсімін өткізеді (Жеңімпаздардың жол ақысын, жатын орнын Ұйымдастыру комитеті өз мойнына АЛМАЙДЫ). 
6-тарау. Конкурстың қазылар алқасы 
1. Авторлардың конкурсқа жіберген шығармаларын бағалап, Конкурстың қорытындысын шығару үшін осы қағиданың 2-қосымшасына сәйкес Республикалық "SEMSER" әдеби конкурсының қазылар алқасы (бұдан әрі – қазылар алқасы) құрылады. Қазылар алқасының құрамы әдебиет, мәдениет және өнер саласындағы көрнекті қайраткерлерден құралады. 
2. Қазылар алқасының шешімі түпкілікті және қайта қарауға жатпайды. 
3. Қазылар алқасының шешімі хаттамамен ресімделеді және оның барлық мүшелері қол қояды. Дауыстар тең бөлінген жағдайда Төрағаның дауысы шешуші болып табылады.  
4. Қазылар алқасы жеңімпаздардың саны мен жүлделі орындардың санын белгілейді және белгіленген жүлделі орындарды бермеуге немесе үміткерлер арасында бөлуге құқылы.  
5. Қазылар алқасының мүшесі конкурсқа қатыса алмайды.  
7-тарау.  Қорытынды ереже 
1. Осы Қағидада қарастырылмаған барлық мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

Т. Раушанұлы