Картиналары Париж көрмесіне қойылған 13 жастағы алматылық суретші

Картиналары Париж көрмесіне қойылған 13 жастағы алматылық суретші
Фото: Андрей Зайцев

Қабілетсіз бала болмайды. Баласының бойындағы қабілетті байқай алмайтын ата-ана болады. Егер әр адам өз баласына уақыт бөліп, тәрбиесіне көңіл аударса баласының болашақ өмірінің іргетасын берік қылып қалай алады. TengriMIX сайты қазіргі уақытта тек Қазақстанның ғана емес, әлем назарын өзіне қаратқан 13 жастағы алматылық жас суретшімен кездесіп қайтты.

«Сурет салуға деген талпыныс қай уақытта пайда болды?» деген сұраққа Давид Ан, «шамамен екі жаста» деп жауап берді. Ойыншық машинаны құрастырып отырып, ол бұл ойыншықтың суретін салғысы келген. Ақ қағазға қолына іліне қалған қап-қара көмірмен машинаның суретін салыпты. Осы уақыттан бастап, ол сурет салуды күнделікті әдетке айналдырған.

«Ол бір жасынан бастап қағаздан түрлі заттар жасай бастады. Тіпті, қазіргі күнге дейін жиһаз, робот, қару-жарақ түрлерін қағаздан жасап алады. Ол машиналарды жақсы көреді. Кішкентай күнінде ойыншық машинасының суретін көмірмен салған. Шыны керек, біз қатты таңқалдық. Суреттегі автокөлік сондай сәнді, спорттық формасын сақтап тұрды», - деп еске алды кейіпкеріміздің анасы Эльвира Ахметалиевна.

Давидтің дарыны әке қанымен келгені сөзсіз. Оның әкесі, Юрий Николаевич архитектор мамандығын оқыған. Қазір балаларды сурет өнеріне баулуда. Балаларының бойындағы қабілетті байқағаннан кейін ерлі-зайыптылар балаларын көркемөнер мектебіне берген. Балақай сурет өнеріне алғашқы қадамын жасағаннан кейін әкесінен артық ұстаздың таппайтынын біліпті.

«Ұлым менің ізіммен емес, өзінің жолымен келе жатыр. Мен ешқашан өзімді керемет суретші ретінде көрген емеспін. Оның бойында, тәжірибесі мен жасы толыққан менің өзім қайталай алмайтын ерекше қабілет бар. Мен ұлымды алты жасынан бастап осы салада тәрбиелеп келемін. Ол көрсеткеніңді тез үйреніп алады. Өзіндік қолтаңбасы, сурет салу тәсілі бар. Ешқашан біреудің салғанын көшірмейді», - дейді жас суретшінің тәлімгері.

Давид жас болғанына қарамастан осы уақытқа дейін талай туындыны дүниеге әкелді. Үйіндегі қорапқа салынған сансыз картиналардан көз сүрінеді. Олардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Суретші үйіне келген журналист қонақтарына да арнайы сурет салды.

«Мен суретті көбіне түрегеліп саламын. Бұл пейзажды салуға шамамен 15 минут кетеді. Негізі, табиғат – бұл менің сүйікті тақырыбым. Әсіресе, қызыл, сары түстер қолданылса. Алайда, қазір мен таныштық орнаған жағалауды салсам деп тұрмын», - деді де бозбала бояуын алып сүйікті жұмысына кірісті.

«Кейде қанша тырысқанмен, салған суретіңнен түк шықпайтын кездер болады. Ал кейде, бірінші салғаннан көркемденіп кетеді. Бұндай кезде санаңа сан мың идея келіп жатады. Осы көріністі жылдам қағазға түсіріп қалуға тырысамын. Алғашында, мен бір суретті 1 аптада бітіретінмін, қазір 1 күн жеткілікті. Кейде салғым келген затты мұқият қарап, үтір-нүктесіне дейін көріп алам да, соны қағазға түсіремін. Қазір адамның қолын салуды үйреніп жүрмін. Сөйтіп, ақырындап портрет салуға көшемін. Алайда, бұл сурет өнерінің күрделі түрі», - дейді Давид.

Кейіпкеріміз біраздан кейін кішкене папканы ашып, ішіндегі қағаздарды көрсете бастады. Бұл Димаш Құдайберген суреттерінің нобайы екен. «Жақсы ән тыңдағанды жақсы көремін. Маған Димаштың ән айтқаны қатты ұнайды. Мен оның суреттерін тауып алып, бірнеше нұсқада портреттің нобайын салып көрдім. Осыған дейін A’Studio тобының мүшесі Байғали Серкебаевты салып көргенмін. Ол портретті кинорежиссер Ақан Сатаевқа сыйға тарттым», - дейді кішкентай алматылық.



Давид болашағын шұғылданып жүрген сүйікті ісімен байланыстырғысы келеді. «Тоғызыншы сыныптан кейін Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына түсуді жоспарлап жүрмін. Қазіргі уақытта екіұшты ойдамын: сурет өнері бойынша мықты маман болғым келеді және екінші жағынан автомобиль дизайнері болсамдеймін», - деп Давид алға қойған жоспарларымен бөлісті.

Әңгімесін айта отырып, кейіпкеріміз бастаған пейзажын да аяқтады. Сыйлығын журналистерге ұсынып жатып «әрбір адам өзінің бойында бар қабілетті дамыту арқылы, мықты маман бола алады» деді.

Биылғы жылдың сәуір айында Давидтың 3 картинасы Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде көрмеге қойылды. Дәлірек айтсақ, The Planet of ART Халықаралық фестивалінің аясында ұйымдастырылған «Ұлы дала бояулары» атты көрмеде бағанаға қойылды.

«Оның картиналарына қызығушылық танытып, сатып алуға ұсыныс білдіретіндер көп. Сондай жандардың алғашқысы өзбекстандықтар болды. Олар Давидтың жұмыстарын Ташкентке алып кетті. Тағы бір бойжеткен көгалдың суретін салып беруді өтініп, арнайы Түркиядан келіп алып кеткен. Бір жігіт өзінің көлігін салып беруді өтінген», - дейді жасөспірімнің анасы.

Айтпақшы, Давид отбасындағы дарынымен көпті мойындатқан жалғыз бала емес. Оның әпкесі, Альмира Тұрсын – елімізге танылып келе жатқан жас актриса. Ол Ақан Сатаевтың Томирис фильмінде басты рөлде ойнаған.

"Бауырым дүниеге келген кезде, мен 15 жаста едім. Расында, оның бойында үлкен таланттың бары кішкентай күнінде байқалды. Әлі кішкентай болса да, оның суреттері керемет шығатын. Ол қандай керемет картина салғанын өзі де аңғармайтын. Бір кезде інім маған да сурет салудың қыр-сырларын үйреткен. Алайда, бұл өнерді меңгеру менің қолымнан келмеді. Ол өзі ұяң болғандықтан жасаған жұмыстарынан шабыт алып, тыныш жүре береді. Ал мен оның атын бүкіл әлем білгенін қалаймын. Себебі, ол сол дейгейде жұмыс жасай алып жатыр", - дейді Альмира.

Журналистерді шығарып салып жатқан Ан отбасы осындай дарынды балаларды бергені үшін Құдайға мың алғыс айтатынын жеткізді: «Біз балаларымызбен мақтанамыз. Оларды бізге сыйлағаны үшін Құдайға ризашылығымызды білдіріп отырамыз» деді.

Tengrinews.kz редакциясы дарынымен көпті мойындатып жүрген талантты балаларды насихаттау мақсатында «Қазақстанның дарынды балалары» жобасын іске қосты. Біздің елімізде түрлі сала бойынша жастығына қарамастан жетістік жолын тапқан балалар аз емес. Егер сіз Давид сияқты дарынымен көптен ерекшеленіп тұрған баланың ата-анасы немесе танысы болсаңыз редакция поштасына kids@tn.kz хат жолдаңыз. Сонымен қатар, Tengrinews.kz сайтында көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы редакциямен байланыса аласыз.

«Қазақстанның дарынды балалары» жобасы ERG компаниясының қолдауымен жүзеге асуда.

А. Қажиев