Фрида Кало тұрған үй Лондонға көшірілді

Фрида Кало тұрған үй Лондонға көшірілді
Фото: vk.com

Лондондағы Виктория мен Альберт мұражайында атақты суретші Фрида Калоның көрмесі ашылды.

Ол жай ғана көрме емес. Өйткені мұражай іші Фрида мен өмірлік серігі Диего Ривера екеуі бірге тұрған үйдің дәл көшірмесіндей безендірілген.

Қос шебердің ұясында үстемдік құрған шығармашылық атмосфераны жеткізу үшін Мексикадан Фриданың жеке заттары алынған. Мұражай қабырғалары ашық көк түске боялған. Себебі, суретші мекені "Көгілдір үй" атауымен танымал.

Сондай-ақ, жуырда Google Arts & Culture қосымшасы "Фриданың келбеті"  атты онлайн көрме ашты. Экспозиция жасау үшін әлемнің 7 елінен 33 серіктес мұражай күші біріктірілген.  

Көрмені арнайы сайттан немесе Google Arts & Culture қосымшасын жүктеу арқылы көруге болады. "Фриданың келбеті" – атақты қылқалам шеберінің шығармашылығына арналған ең көлемді коллекция. Жалпы саны 800 экспонат енгізілген. Олардың ішінде Калоның (20-сы алғаш рет цифрлы нұсқада ұсынылып отыр) өз жұмыстары және жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер, күнделік жазбалары, хаттары бар. Оның шығармашылығының бастапқы кезіндегі сызбаларын да тамашалауға болады.

Қосымша жүктеген тұтынушылар Google Street View онлайн экскурсиясы арқылы Фрида Кало өміріндегі маңызы жоғары орындарға саяхат жасай алады.  Мысалы, Калоның алғашқы және соңғы күндері өткен музей-үйін ("Көгілдір үй" атымен танымал) көру мүмкіндігі бар.

А. Оралқызы