Ұлы картиналардың мұражайға түскенге дейінгі жолын көрсететін онлайн-карта пайда болды

Бостон университетінің профессоры Джуди Кранстон Mapping Paintings аталатын ерекше диджитал-жоба ұсынды. Жоба сайтында картиналардың салынған сәтінен мұражайға түскенге дейінгі жолын көрсететін онлайн-карта ұсынылады. Яғни, адамзат тарихында аса құнды өнер туындыларының миграциясын анықтау мүмкіндігі туып отыр. 

Жоба онлайн-карта арқылы картинаның тағдырын визуалды көрсетеді. Картина авторынан бөлек, оның өзге иелері туралы да маңызды ақпарат береді. Mapping Paintings картасында орналастырылған арнайы фильтр арқылы бір суретшінің бірнеше картинасының  «өмір жолын» салыстырып көруге болады. 

«Әдетте мұражайға келушілер картинаның тарихы қаншалықты анық әрі қызықты екенін ұғына бермейді. Қылқалам шебері туындыларының өткен жолын білу – оған деген қызығушылықты арттырады»,– дейді Mapping Paintings жобасының идеологы Джуди Кранстон.

Бұрын ол  Mapping Titian жобасын ұсынған болатын. Онда, аты айтып тұрғандай, Тициан картиналарының жолын анықтау идеясы жолға қойылған еді.