- Негізгі бет
- Сурет
- 2019 жылы iPhone-ға...
2019 жылы iPhone-ға түсірілген үздік суреттер
Apple компаниясы iPhone Photography Awards 2019 (IPPAWARDS) дәстүрлі фотобайқауының қорытындысын жариялады. Қатысу үшін екі талап болған: фотография Apple құрылғысына түсірілуі тиіс және бұрын-соңды еш жерде жарияланбауы керек. Байқауда 140 елдің қатысушылары 18 категорияда бақ сынаған.
Гран-при: "Апалы-сіңілі", Габриэла Кильяно, Италия
Локация: Занзибар, Африка
Құрылғы: iPhone X
"Былтыр мен Танзанияның Васе қаласында болдым. Италияға қайтарда Занзибарға соғып, осы суретті түсіріп алдым. Мен әлі күнге дейін бұл суретке таңмын. Басында қыздарға сырттай қызығып, бақылап отырдым. Олардың да маған деген қызығушылығын байқап қалдым. Сондықтан болар, фотодағы қыз маған қарап тұр. Мен білетін суахили тіліндегі бір-екі сөйлемді айтқаным болмаса, ұзақ сөйлесе алмадық, бірақ балалардың көздері сайрап тұрды. Бұл мен көрген ең сұлу көріністердің бірі еді, бұл сәттерді ұзақ уақыт есте сақтаймын. Олардың суреттерін өздеріне және анасына көрсеттім. Олар өз бейнесін суреттен бірінші рет көріп тұрғандай болды. Әттең, сол сәтті де суретке түсіріп алмадым, себебі iPhone-ым олардың қолында болды".
І орын: "Теңіз жолақтары", Диого Ларе, Португалия
Локация: Санта-Рита жағалауы, Португалия
Құрылғы: iPhone SE
"Теңіз жолақтары Португалиядағы Санта-Рита жағалауында түсірілді. Жағажайдағы жолақты шатырлар мен шомылуға келген мына кісінің киімі теңізбен, жағажаймен әдемі үйлесіп тұр".
ІІ орын: "Кешірім сұраймыз, бүгін фильм көрсетілмейді", Юлия Ибраева, Ресей
Локация: Рим, Италия
Құрылғы: iPhone 7 Plus
"Римде күн тасжол еріп кететіндей өте ыстық болды. Біз Боргезе бағындағы ескі ағаштарды көріп, италян киносын тамашалау үшін қала орталығынан кетіп қалдық. Бірақ біз келгенде жаңбыр құйып сала берді. Фильмді көре алмадық, есесіне өте тамаша сурет түсіріп алдым. Бұл саяхаттағы мен ұмытпайтын ең тамаша сәт еді".
ІІІ орын
"Біраздан кейін келіңіз", Пэнг Хао, Қытай
Локация: Невада, АҚШ
Құрылғы: iPhone X
"Бұл суретті АҚШ-тың Невада штатында өткен Burning Man фестивалінде түсірдім. Мен көпірде фестивальді бақылап тұрып, екі адамның құмды боранда жұтылып кеткенін көрдім. Біраз уақыт өткен соң, бір ғажап көрініс пайда болды, алдымнан дәу күміс шар шыға келді".
Massaget.kz