Студенттік өмір – идеяға толы шақ
Дарынды адамдар жетістікке жету жолында қаржылық жағдайды қажет етеді, ал кейбіреулері парасатты ұстазға не адал досқа мұқтаж. Ал енді берулеріне тек шығармашылық орта жеткілікті.
Тума таланттар үшін жоғары оқу спорттан бастап бизнеске дейінгі барлық идеяны жүзеге асыратын таптырмас орын. Студенттік өмір – ата-ана құшағынан жыраққа кетіп, күн сайын өзіне жаңалық ашып, өздігінен жылдам жетілетін шақ. Сол кезеңде өзін тұлға ретінде қалыптастырып, өмірлік мақсаттарын шыңдай бастайды.
Кемеңгер кісілердің арасында жүргенде қызықты да тың идеялар дүниеге келеді. Жас студенттің ойын құптайтындар да, қарсы шығып кері тартатындар да табылады. Кітапханаларға, компьютер сыныптарына, зертханалық орталықтарға барып, шешімсіз сұрақтарға жауап табады.
Қазір Билл Гейтсті дүниедегі үш бай адамның қатарына кіретін бизнесмен ретінде бүкіл әлем таниды, ал оның туындысы Microsoft жүздеген миллирад долларға бағаланады. 1975 жылы досы Пол Аллен екеуі Гарвард университетінде дербес компьютерге қызығушылық білдіріп жүрген жай ғана қатардағы студенттер еді. Күндердің күнінде дербес компьютерге арналған Basic бағдарламалау тілін жасап, студенттердің көзін ашты. Үш адам қызмет ететін компания ашып, оны Microsoft атады. Ол компанияда бүгінгі таңда мыңдаған адам жұмыс істейді, ал өнімдерін миллиондаған адам тұтынады.
Аса ауқымды іздеу жүйесі – Google-ді Ларри Пейдж бен Сергей Брин Стэнфорд университеті қабырғасында жүріп жасады. Біздің ғасырымыздағы аса тыбысты туынды саналатын бұл жоба қос студенттің ғылыми диссертациясы негізінде пайда болды. Болашақ миллиардерлер интернеттің математикалық мүмкіндіктері мен іздеу жүйесі туралы тынбай ізденді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 1996 жылы BackRub іздеу жүйесі дүниеге келді. Ол Google жүйесінің жаршысы, яғни алғашқы нұсқасы еді. Интернет қолданушыларының 80%-ы осы екі студенттің сәтті ғылыми жұмысын қолданып келеді.
Интернет желісіндегі танымалдығы тұрғысынан екінші орын алатын Yahoo! жүйесі де Стэндфорд университетінде өмірге келген. 1994 жылы жас аспиранттар Джерри Янг пен Дэвид Файло осындай ерекше атаумен сайт жасады. Сайт интерфейсі мен идеясы сәтті шығып, оның қолданушылары аспиранттар қалтасын қампайтты. Құрастырушылар компанияның болашағы жарқын екенін, кіріс жылдан-жылға көз ілестірмей өсетінін сол сәтте-ақ сезді.
Ұлы істің барлығы қарапайым адамның қолынан шығатынына Facebook әлеуметтік желісі анық айғақ бола алады. 2004 жылы 20 жасар студент Марк Цукерберг жанындағы үш бөлмелес көршісімен Гарвард университетінің шәкірттеріне арнап әлеуметтік желі ашуды ойға алды. Студенттер бір-бірімен желі арқылы видео, сурет, әуен, ақпарат алмасса деді. Қарапайым ниет жүздеген, мыңдаған адамды баурап алды. Facebook жаңа қарқынмен америкалық университеттің барлығын жаулап алды, содан соң бүкіл елге тарады. Бүгінгі таңда миллиондаған қолданушының басын біріктірген жүйе туралы «Әлеуметтік желі» фильмі түсіріліп, оның негізін қалаушы Марк Цукерберг 23 жасында әлемдегі ең жас та бай миллиардер атанды.
@. @assel_assanova