- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Студентке кеңес: ақша...
Студентке кеңес: ақша үнемдеу жолдары
Қалтаңдағы соңғы тиынды автобус кондукторына санап беріп, басың салбырап үйге келгенде, жуа мен майдан өзге түк қалмаған болса, соны қуырып жеп асқазаныңды алдайсың... Бұл әр ай аяғында бар ақшасын басқара алмайтын студенттің басынан өтетін жайт.
Жоғары білім алып, өз бюджетімізді өзіміз басқарып үйренбесек, санасы таяз балаға ата-ананың байлығы мұра болып жарытпайды. Ақылсыз адам өмірінің соңына дейін жететін дүниені бір күнде желге ұшырып жіберуі мүмкін.
Мемлекеттік грантта оқыған сутдент жоғарылатылған шәкіртақы алуға тырысуы мүмкін, ақылы бөлімде оқитын студент бос уақытында жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ, бәрібір ретімен жұмсай білмесе, ақша судай ағып кете береді. Қолдағы ақшаны қалай үнемдейміз?
Үнемшілдік – сараңдыққа жатпайды. Алғыңыз келген нәрсе сізге аса қажет болған жағдайда ғана шешім шығарыңыз. Көрсеқызарлық – студентке ең жарасымсыз іс. Тек пайдасыз шығындардан ғана тежеліңіз, ал өзіңізден ештеңе аямаңыз.
Ақшаңыз көбіне банкомат карточкасында сақталғаны жақсы. Қолма-қол ақша әрдайым қасыңызда жүрсе, қалай жылдам құртып тастағаныңызды білмей қалуыңыз мүмкін. Әрі ұры-қарылардың қақпанына түспейсіз. Карточкаңыз ұрланған не жоғалған жағдайда оны дереу қалпына келтіруге болады.
Студенттік билетіңіз әрдайым жаныңызда болса, үлкен қалада студенттерге жеңілдік жиі жасалады. Ең қарапайым мысал: кинотеатрға студенттік билетпен шамамен 30 пайыз жеңілдікпен кіресіз.
Көшеден тамақ алмауға тырысыңыз. Оны кім, қалай жасайтынын білмейміз әрі күнделікті көше тамақтарына әуестік – ақшамыздың басты жауы. Үйде балғын да пайдалы тамақ жасауға дағдыланыңыз. Тым болмаса университет асханасынан тамақтанған – басқаларына қарағанда үнемдірек.
Кішкене суық тигізіп ауырудың өзі қалтаңызға біраз шығын келтіреді. Дәріге ақша жұмсағыңыз келмесе, мұны да ескере жүріңіз. Пәтер жалдап тұрар болсаңыз, жарық пен суды үнемдеуді, аса асығыс болмасаңыз таксиге жоқ деп, қоғамдық көлік не жаяу жүрісті таңдауды айтпаса да түсінікті болар.
Айдың басында ақша түскен кезде өткен айдағы алғыңыз келген нәрсенің барлығын бірден алып тастамаңыз. Жүріп-тұруыңыздан артылған ақшаны ғана өзге нәрселерге жұмсаған жөн. Аса қысылмасаңыз, ешкімнен қарыз алмауға тырысыңыз. Бойыңыз бір үйреніп кетсе, түскен ақшаны түскендей қарыздарыңызды жабуға жұмсап, қаражатыңыздың берекесі болмайды.
Жұмсаған ақшаңызды жазып жүріңіз. Арнайы блокнот бастасаңыз, қызықты әрі пайдалы іс болмақ. Блокнот үнемі алып жүруге ыңғайсыз болса, шығындарыңызды телефоныңызға жазып отырыңыз, сосын блокнотқа көшіресіз. Алған азық түлігіңізден бастап, автобусқа мінген, қайыршыға берген тиындарыңызға дейін түгел жазып қойыңыз. Ай сайын шығындарыңызды есептеп, келесі айда артық шығынға ұрынбауыңызға жол ашылады.
@. @assel_assanova