- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Студент: Қандай жұмыс...
Студент: Қандай жұмыс істеймін? #2
Промоутер. Бейтаныс адамдармен күліп сөйлесіп, өз ісіңізді аяғына дейін жеткізе алатын болсаңыз, промоутерлік іс сізге тән. Көшеде жарнама қағаздарын таратып жүрген жұмысшыларды күн сайын көретін шығарсыз. Енді қағазын алмау үшін алыстан қашпай, қарамай өтіп кетпей, олардың да жанын түсінуге тырысасыз. Сонымен бірге подъездерге, бағаналарға жарнама парақшасын жабыстыру да промоутерге тән жұмыс. Күніне 500-8000 теңге шамасында табуға болады.
Курьер – тауар тасымалдаушы. Тапсырылған тауарды дер кезінде көрсетілген орынға жеткізіп, жұмыс орныңызға қайта келіп чек пен ақшаны тапсырасыз, сондықтан бұл аса жауапкершілікті қажет етеді. Көбінесе ер жігіттерге қолайлы жұмыс. Қаланың барлық жерін жақсы білуіңіз керек.
Тамақтану орнындағы жұмыс. Кез келген фаст фуд, ресторан, кафеге сәт сайын жұмысшы қабылданады. Даяшылық, кассада отыру, қонақтарға қызмет көрсету, ыдыс жуу, еден жуу секілді істер кез келгеннің қолынан келеді. Уақытыңызға ыңғайлы болса, бұл да студент үшін ақша табудың бір әдісі.
Кеңесші (консультант). Супермаркетте не басқа да сату орындарында атқарылатын қызмет. Міндеті: тұтынушыларға тауарлар туралы мәлімет беріп, көмек көрсету. Бұл да басқа қызметтер секілді кісімен тіл табыса білуді, жауаптылықты қажет етеді. Күні бойы аяқ үстінде жүруге тура келеді. Оның үстіне сатып алушылар да әртүрлі, бірі дөрекілік танытады, бірі мәдениетсіздік көрсетеді. Барлығына төзіп, биязылық көрсетесіз.
Фрилансер. Егер компьютер бағдарламаларын жақсы білетін болсаңыз (photoshop, CorelDraw), бұл жұмыс сізге арналған. Компьютерде теру, презентация жасау, аударма жұмысы, суреттерді өңдеу секілді істер қолыңыздан келетін болса, жаранама агенттіктеріне, интернет беттеріне жіберіп қойыңыз, сізді жұмыс өзі іздеп табады. Еңбегіңіздің ақысын да өзіңіз келісесіз.
«Жұмыс істеуім керек», «жұмыс керек» деп үйде жата берсеңіз, піскен алма да өздігінен ауызға түспейтінін, біреу сізге жұмыс әкеліп бермейтінін ескеріңіз. Шын қаласаңыз, лайықты жұмысқа бір-ақ күнде орналасуға болады. Іске сәт!
@. @assel_assanova