- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Шетелдегі студент: кәрістер...
Шетелдегі студент: кәрістер ағылшын тілін білмегені үшін ұялады
"Шетелдегі студент" – әр дүйсенбі сайын жарық көретін жаңа жоба. Бұл жерде шетелде білім алып жатқан қазақ жастары өздерінің ойларымен бөлісіп, естеліктерін айтады. Бүгінгі біздің қонағымыз – қарағандылық Темірлан.
Мырзахметов Темірлан
KAIST университеті, Оңтүстік Корея
Materials Science and Engineering саласы
Мен Қазақстанда жүргенде...
Менің бар ойым KAIST университетіне уақытынан кешікпей тапсыру ғана болды. Қатарластарым НУ-ға түсуді жоспарлап жүргенде, мен одан да үлкен нәрсеге қол жеткізгім келді. Мектепте үздік болуға тырыстым. Жан-жақты даму үшін барымды салдым. Қазір соның жемісің көріп жатқандаймын.
Менің шетелдегі алғашқы күнім...
Мені Кореяда қазақстандық достарым күтіп алды. Ең алғашқы күнді өзімнің оқу орнымды, оның ауласын, айналасындағы саябақтар мен көшелерді аралаумен өткіздім. Кешкісін Кореяда білім алып жатқан ересектер тобы күріш тағамын дайындап, КAIST университетінде мені күтіп тұрған болашақ өмірім туралы айтып берді.
Мәдени шок
Әрине, шетелге шыққан адам міндетті түрде мәдени шокты басынан өткізеді. Дәстүр, ділдегі өзгерістерге үйрену үшін біршама уақыт керек болады. Кәрістер өте еңбекқор. Түнгі 2-3-ке дейін кітапханада отыратын. Әсіресе, емтихан уақытында...
Екіншіден, халық бай тұрады. Қазақстанда бүтін, бірақ, ескірген киімдерді ауылдағы ағайындарға жіберсе, бұл жерде семестр сайын қоқыс жәшігі қымбат кітаптар, киім мен аяқ киімге толады.
Үшіншіден, олар ағылшын тілін білмегені үшін қатты ұялады. Кәріс тілі қазақ тіліне қатты ұқсайды, ағылшын тілінен әлдеқайда ерекшеленеді. Өзіндік терминдері бар. Олардың бойындағы бұл комплекс, шетелдіктермен араласуға мүмкіндік бермейді. Ал, біздің елде адамдар ағылшын тілін білмесе де, ымдау арқылы бірнәрсе түсіндірері анық.
Мен нені үйрендім? Нені ұмыттым?
Кореяға барғалы үлкендерді сыйлаудың қаншалықты маңызды екенін ұқтым. Өз еліме деген махаббатым күшейді. Тағам дайындауды үйрендім. Бойымдағы кей қасиеттерден арылдым деп айта алмаймын, бар болғаны ойлау жүйесі мен мәдениеті бөлек жандармен араласу арқылы өмірге деген көзқарасым өзгерді.
Мен жеген ең дәмсіз тағам
Тағам туралы сұрақ мен үшін ең ауыры болмақ. Өйткені, бұл елде өте ащы әрі дәмсіз тағамдар көп. Тіпті, атауы есімде жоқ. Бірақ, бұл барлық тағам түрі жеуге келмейді дегенім емес, арасында өте дәмділері де кездеседі.
Ең қызықты сәттер
Біздің университет қабырғасында Food Festival шарасы ұйымдастырылған болатын. Біздің міндетіміз – ұлттық тағамды әзірлеп, оны сату. Біз, қазақ жастары, түні бойы дайындалдық. Үлкендермен бас қосып, шай ішіп, еркін сөйлестік. Ұлттық тағамды Кореяда дайындап, оны ұлттық нақыштағы киім киіп, көшеде сату қызықты болды.
КAIST университетінде жыл сайын сакура гүлдеген шақта атақты кәріс жұлдыздары келіп өнер көрсететін фестиваль болады. Өткен жылы Ailee мен Bolbbalgan sachungi келді.
Қазақстанды сағындым...
Әрине, елді сағындым. Осы жолы қысқы демалысымда үйге бармай, екі ай бойына Кореяда қалдым. Үйге тек жазда барамын. Яғни, Кореяда жылдың 10 айын өткіземін. Бұл уақыт ішінде үйді сағынасың, достарыңды, отбасыңды және үйдің тамағын, қазақтың тамағын сағынасың...
Кейде күн көру үшін қосымша жұмыс жасауға тура келді...
Кәріс тағамына үйрену үлкен қиындық тудырды. Екіншіден, ақшаны орнымен жұмсауды үйрену: кейде қосымша жұмыс жасауға тура келді. Үшіншіден, кәрістер қоғамына қабылдау түсінігі маза бермеді. Өйткені, бұл жерде адамдар өздерінің қызығушылықтарына сәйкес топтасып жүреді әрі ағылшын тілін білмегені үшін сенімен сөйлесуден қысылады. Кореяда сабақ ағылшын тілінде өтсе де, шаралар, ұйымдар барлығы – кәрісше. Дүкендер, мейрамханалар тек кәріс тілінде қызмет көрсетеді. Оқудан бөлек, көп нәрсені үйрену керектігін ұқтым.
Қазақстандағы және Кореядағы қатарластарым әр түрлі...
Шетелдегі қатарластарым мен қазақстандық достарымның арасында айырмашылық жер мен көктей. Мәдениетінде, тәрбиеде және стильдерінде. Бірақ, барлығын біріктіретін мақсат пен болашаққа деген өзіндік көзқарастың болуы.
Елге ораламын ба білмеймін?!
Елге оралмас бұрын, Америка немесе Еуропа елдеріне баруды ойлап отырмын. Сол жақта, білім алып, еңбек етіп, өз бизнесімді ашқым келеді. Шетелге неге сұраныс көп? Өйткені, олар саған бар жағдайынды жасауға мүмкіндік беретін қаражат ұсына алады. Елге оралу, оралмауым болашақтың еншісінде. Дегенмен, бұл – тек менің пікірім. Қазақстанға келіп, өзін дамытуды ойға алып отырған қаншама студенттер бар. Сондықтан, бір адамның таңдауына бола, барлық адамды «қайырымсыздар» санатына жатқызуға болмайды.
Айтарым бар... Егер сен ұлтжанды азамат болсаң, еліңе еңбегін сіңгенін қаласаң шетелде білім алуды ұсынар едім. Неге деймісіз? Нұрбек Саясат айтқандай, белгілі бір салада мамандандырылған мемлекетте білім алып, олардың бергенін бойыңа сіңіріп, бар жиған-тергеніңді Қазақстанды дамытуға қолданған дұрыс. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы еркін білім алуға мүмкіндік бергенімен, оларға тәжірибе алмасуға мүмкіндік бермейді. Меніңше, бағдарламаның басты қателігі – осы. Егер Қазақстаннан кетуді ұйғарса, онда адамның таңдауына қарсы шығуға біз қауқарсызбыз. Ондай жағдайда, тұрақтап қалуды көздейтін елге ғана баруды ұсынар едім. Өйткені, жиі көшу, өзге мәдениетке үйрену, тіл меңгеру оның бәрі уақыт алады. Сонымен қатар, кез келген талапкерді қабылдайтын, білім деңгейі төмен шетелдің университетке тапсыру да – қателік. Сондықтан, таңдау жасарда елге емес, білім сапасына аса назар аударған дұрыс. Одан бөлек, елімізде НУ секілді халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті университтердің барын естен шығармаған дұрыс.
Т. Есқали