- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Жатақхана студенті күнделігінен...
Жатақхана студенті күнделігінен
Жатақхана – студенттің басына бұйырған бақ. Олардың көпшілігіне аздаған ақшаны жылына бір рет қана төлейсіз, оқу ордасына жақын орналасады. Студент үшін жасалған ең қолайлы жағдай. Онда тыныс-тіршілік қалай болады? Бірнеше жыл бұрын жазылған күнделік парақтарына үңіліп көріңіз.
28 тамыз, 18:43. Жаңа тұрақ... жаңа мекен... Жатақханадан екі адамдық бөлме алдым. Бөлмемен бірге екі кітап сөресі, екі аласа шкаф, екі киім шкафы, бір үстел (тамақ ішуге, сабақ орындауға), екі орындық, екі кереует төсек жабдығымен беріледі екен. Айна тек дәлізде ғана бар. Тоңазытқыш деген секілді нәрселер қажет болса өзің сатып аласың. Іші жақсы екен, ертең жанымдағы қыз келген соң бірігіп кілем төсесек, үй секілді жылылық орнар.
Шаршап отырмын. Таңертең ерте келіп жүгірген еңбегіме бүгіннен қалмай алдым-ау, әйтеуір. Енді-енді өзімді нағыз студент сезіне бастадым. Ыстық тамақ ішпегелі, тіптен адам сияқты тамақтанбағалы үш күн болды. Көше тамақтарын алмауды анам құлағыма құйып кеткен. Көзін ала беріп, айтқанынан аттауым жарамас. Жатақханаға барлық студент орналасып болмайынша асхана кілтін бермейді екен. Тамақ пісіретін ыдыстарымызды да әлі сатып алған жоқпыз. Аштыққа шыдап үйренгенбіз ғой, асқазаным мені ораза ұстап жүр деп ойлар, тек өзі ауырып қалмаса жарар еді.
31 тамыз, 20:30. Сатып әкелген ыдыс-аяқтарымызды, киімдерімді орналастырып жатыр едім, есік қағылды. Көрші бөлмеге кеткен жанымда жататын қыз ба дейін десем, көп адам секілді, әлдебір шу естіледі. Есікті ашсам «аяз ата» дей мее, «өнер көрсеткенге сыйлығымыз бар» дей мее, түсінбей абдырап қалдым. Назеркенің анасы беріп жіберген бауырсақты басқа студенттер ауыз тисін деп таратып жүрген өзім қатарлы қыз-жігіттер екен. Ары қарай бөлме аралаймыз деп мені де ертіп алды.
Осылай таныстығымыз басталып кетті. Біреу «жағалауға барып, гитарамен ән айтып қайтсақ қайтеді» деп ұсыныс айтты. Жиналып, шығам деп жүргенде жатақхана жабылатын уақыт жақындап, сағат түнгі 11 болып қалды. Есік алдында улап-шулап қайта кірдік. Түнгі сағат 11-де жабылған есік таңертең 7-де бір-ақ ашылады екен. Оның арасындағы уақытта далада қалып қойсаң, бітті, қонатын басқа жер іздей бер.
2 қыркүйек, 23:51. Күнде жиын, күнде той. Әр күні әр бөлмеге барып, бәріміз бірігіп шай ішеміз. Студенттер тәтті-дәмдісі мен ыдыстарын ұстай келеді. Шай үстінде ҰБТ қалай тапсырғанымыздан бастап, мамандық қалай таңдағанымызды, одан ары саясат, студенттік өмір, диалектілер жөнінде шегі жоқ әңгімелер әзілдерімен қоса айтылады.
Қыздар сағыныш жастарына ие бола алмай жүр. Мен неге олай сағынбайды екенмін? Мүмкін, өзім осындай өмірді қалап келгендіктен болар. Әлде үйдегілермен күн сайын телефон арқылы сөйлесіп жүрген соң шығар. Өткен жолы өзімнен екі жас кіші сіңіліме: «ауылды сағындым» дегенімде, ол: «Үйдің үлкені деп біз саған арқа сүйейміз, саған қарап бой түзейміз. Сен бос болып, сағыныштан жылап жүрсең, мында біз уайымдаймыз ғой!» - деді. Мүмкін осы сөздері маған жігер берген болар...
9 қыркүйек, 02:54. Қайнаған тіршілік. Күндегідей көңілді жиналыстар сәл қысқартылды. Тек сабақ оқуды ойлау керек. Тапсырмаларды таудай үйіп беріп тастайды. Орындау мақсатында қапылып жүргенің. Мектепте бір ай бойы мәлімет жинап, терлеп-тепшіп жасаған жұмысыңды ауыз толтырып «ғылыми жұмыс жаздым» десең, университетте ондай жұмысыңды бір ғана сабақтың семинарына дайындап апарып, 100 ұпайдың 3-ін ғана аласың. Онда да тек мұғалімнің көңілінен шықса...
@. @assel_assanova