Жатақханада өмір сүрудің жеті заңы

Жатақханада өмір сүрудің жеті заңы
Фото: krabov.net

Аз күннен кейін студенттер де сүйікті оқу орындарына ағыла бастайды. Бірі - жаңадан жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттап жатса, енді біреулері оқуларын қайта жалғастырады. Туған жерінен жырақ кетіп білім алатындары да бар. Мұндайда тұрғылықты жерге байланысты қиындықтар туындайтыны рас. Десе де қазіргі көп жоғарғы оқу орындары студенттерді жатақханамен қамтамасыз етеді. Әсіресе І курс студенттеріне жатақхана көбіне жеңілдекпен беріледі. Студенттің тұрақты жайына айналатын мекеннің қызықтары да жоқ емес.

Студенттік өмірдің қызықты шақтарының бірі жатақханада өтеді десек қателеспейміз. Себебі, мұнда өмірлік ұстанымыңды қалыптастырып, нағыз дос, сырлас бауыр, тіпті өмірлік серігіңді табуыңыз да мүмкін. Жастардың басын біріктіретін жатақхананың өзіндік ережелері мен заңдары да бар. Ал біз «жазылмаған» заңдары туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.

Комендантпен жақсы қарым-қатынаста болу

Жатақханаға орналасқан студенттің комендантпен жақсы қарым-қатынаста болғаны абзал. Өйткені, көрпе-төсегің мен бөлмеңді де беретін – жатақхана коменданты. Ол – жатақханадағы оқиғаларға жауапты тұлғалардың бірі. Сондай-ақ, комендант студенттің тәртібі мен бөлмесінің тазалығына көп мән беріп, сын көзбен қарайтын басшы да. Егер көңілін тауып, жақсы қарым-қатынаста болсаңыз, сізді қорғап қалуға қауқары жететін бірден-бір қамқоршың.

Кезекшімен жақсы қарым-қатынаста болу

Жатақханада коменданттан өзге кезекші де болады. Олар – коменданттан кейінгі беделді жандар. Жатақхана кезекшісімен жақсы қарым-қатынаста болсаңыз – көп жағдайда қиындықтар туындамайды. Мәселен, жатақханаға кешігіп келсеңіз, түн ортасында далаға шыққыңыз келсе, т.б. Егер өте жақсы қарым-қатынаста болсаңыз, сіздің таныстарыңыз бен достарыңыз да қиын жағдайда далада қалмайды. Бірақ байқаңыз, кезекшілердің төзімін тауысып жүрмеңіз – қиынға соғады.

Көршілермен жақсы қарым-қатынаста болу

Жатақханада бір бөлмеде тұратын, көрші тұратын студенттермен етене араласқан дұрыс. Өйткені, студенттік жылдарыңда қуанышыңды бөлісіп, қайғыңды қатар алып жүретін достарың да солар болмақ. Бір бөлмеде тату-тәтті өмір сүру – сыйластықтың да кепілі. Ал көрші бөлмедегі студенттерді де ұмытпау керек. Жиі шайға шақырып, шүйіркелесіп тұрған жөн. Асқазаның шұрылдағанда есігін қаққанда да жүзің жарқын болады.

Жоғары курс студенттерімен жақсы қарым-қатынаста болу

Жоғары курс студенттерімен жақсы қарым-қатынаста болу – жағдайыңызды жақсарта түседі. Тіпті, кейін дос болып кетулеріңіз де мүмкін. Көбіне бірінші курсқа келген студенттер үшінші курс студенттерімен етене араласып жатады. Себебі, екінші курс студенттері «балмұздақтарға» «первашым» деп қарайтыны анық.

Жоғары курс студенттері «балмұздақтарға» бағдаршам іспетті. Ақылын айтып, жөн сілтейтін жандардың бірі. Алайда бес саусақ бірдей емес. Бәрін өз ақылыңмен шешкенің абзал. Көбіне жоғарғы курс студенттері кіші курс студенттерімен тығыз қарым-қатынаста болғанды жақсы көреді. Біріншіден, олар өздерін жоғары санайды, екіншіден, оларға өзінің курстастары таныс және ығыры шыққан, бұл арада «балмұздақтар» – қызықтырақ.

Дұрыс тамақтануды ұмытпаңыз

Студенттік кезеңдегі қиын жағдайлардың бірі – дұрыс тамақтанбау. Ол үшін жатақхана табалдырығын аттай сала бірге тұратын достарыңызбен дұрыс тамақтану мәселесін жолға қойып алыңыз. Ортадан ақша шығарып, керекті заттарды сатып алу керек және ыдыс-аяқ жуу кезегін де белгілеп алған жөн. Бөлме тәртібі о баста қалай қалыптасса, солай жалғаса беретін болады.

Белсенді болуға талпыныңыз

Жатақханаға орналасқаннан кейін белсенді студенттердің қатарынан көрінуге күш салыңыз. Студенттік ұйымдардың біріне жазылып, ұйымдастырушылық, болмаса өзге де бойыңыздағы талантыңызды таныта біліңіз. Белсенділіктің арқасында оқытушылардың көзіне түсесіз, өзіңіз туралы ой қалыптастырасыз. Керек кезінде достарыңызға да көмегіңіз тиетін болады. Бастысы – келер жылы жатақхананы еш қиындықсыз алуға мүмкіндігіңіз туады.

Уақытыңызды бағалай біліңіз

Жатақханада «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмайды. Бәрі де өзіңе байланысты. Тәртіпсіздік таныттың ба, шығып кетуің де мүмкін. Ал ең бірінші – уақытыңызды бағалаңыз. Өйткені, жатақханадағы уақыт – оқуға берілген мол мүмкіндік. Таным көкжиегіңізді кеңейтіп, білім нәрімен сусындаңыз. Бос уақытта бөлмеде ұйықтай бермей, кітапханаға барғанды әдетке айналдырған жөн. Студенттік өмірден кейін оқуға уақыт табу – қиындау.

Студенттік өмір – адам өмірінің қызықты шақтарының бірі. Сондықтан да, жадыңызда жаңғырып қалар өміріңіздің бір кезеңі сізді күтіп тұрғанын ұмытпаңыз, Жас түлек!

 
Ө. Сансызбай