Студент атанып, жаңа ортаға келгенде көптеген жаңа таныс табамыз. Ешкіммен араласпай, тұйықталып, жалғыз жүрер болсаңыз, өміріңіз де бос, мәнсіз дей беріңіз.
Көбінесе студенттер үлкен қалаға жаңадан келгенде барлығы бір-бірімен жақын араласады, уақыт өте келе әркімнің араласатын ортасы дараланады. Отбасыны тағдыр сыйлағанымен, достарды өзіміз таңдаймыз. Сізді досыңызға, жақын араласатын адамдарыңызға қарап таниды. Қандай орта таңдаймыз?
Ең алдымен кімге сенуге болатынын анықтаңыз. Ол үшін адамның барлығын бір-бірлеп тексерудің қажеті жоқ. Әркім уақыттың ағысымен өзінің кім екенін көрсететін болады. Толық сенім арта алатын адамдарыңызды ғана дос деп біліңіз.
Мұңайған, қиналған сәтіңізде оның қабағына қараңыз. Сіз қуанғанда қуана алмайтын, сіз мұңайғанда езуін жимайтын, көңіл-күйіңізге мән бермейтін адам дос бола алмайды. Көмек сұрағанда бетіңізді бір рет қайтарды екен деп одан теріс айналып кетуге де болмайды. Мүмкіндігі болмай тұрған шығар деп барлығына түсіністік танытыңыз. Бір рет «жоқ» дегеніне налып, дос қатарын азайтатын болсаңыз, айналаңызда адам қалмайды.
Кейде «тек өзіңе керек кезінде іздейсің» деп кейіп жататындар болады. Мұның өзі нені меңзейді? Адам басына күн түскенде алдымен жақын адамдарын іздейді емес пе? Басқаны емес, дәл сізді іздеп тұрғаны үшін ренжіген орнына қуанған жөн.
Өсектен алыс адамдарға жуық болғаныңыз жақсы. Сізге көрінген адамды жамандап, біреудің мінін теріп отыратын пенде өзгелерге де сіз туралы нашар пікір айтпайтынына кім кепіл?
Кімнің бойынан өзіңізге ұқсас қасиетті көбірек көрсеңіз, сонымен араласыңыз. Темекі, сыра, құмар ойын секілді зиянды әдеттерден аулақ болсаңыз, достарыңыздың да сондай болуын қадағалаңыз. Айналаңыздағылар ондай әдеттен арыла алмайды екен, бірден қарым-қатынасты үзген ләзім. Бір рет «қой» дейсіз, екі рет айтасыз, үшінші рет сіз де олардың қатарына кіресіз. Ата-анаңыз неше жыл бойы бойыңызға сіңірген жақсы қасиеттің тамырына бір күнде балта шауып, олардың атына кір келтірмеңіз.