- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- TED talks: Айтарым...
TED talks: Айтарым бар
«TED talks» – «Таралуы тиіс идеяларға» (Ideas Worth Spreading) арналған жоба. Конференция негізінде өтетін шараға түрлі спикерлер қатысып, өздерінің ойларын халыққа ұсынады. Алғашқы TED 1984 жылы болды және үш түрлі әлемнің адамдарын біріктірген болатын: Технология, ойын-сауық, дизайн.
TED миссиясы: идеяларды тарату.
TED жобасының негізін қалаушылар және оны іске асырушылар идеяның күшіне сенеді. Өйткені, айтылған ойлар адамдарды өзгертеді, олардың қабілеттерін жетілдіреді. Бір жақты ойдан арылып, әлемге өзгеше көзқараспен қарай бастайды деп үміттенеді. Бұл – тегін білім мен шабыт алаңы.
Кеше Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінде (IT) TED жобасының кішігірім нұсқасы өткен болатын. Бұл шараға тек студенттер қатысып қана қоймай, оқытушылар да өздерінің ерекше зерттеу жұмыстарын көрсетті.
Философиялық ғылым кандидаты Асыл Серікұлы «Бақыт» тақырыбы аясында ой өрбітті. Жастардың арасында жиі қойылатын сұрақ – «Бақыт деген не?». Әлі күнге дейін жауабы белгісіз бақыт ұғымын әркім өзінше түсінеді. Бірі бақытті бір сәттік десе, енді бірі бақытты белгілі бір әлеуметтік ортаға сыйдырып қояды: отбасы, достар
Асыл Серікұлы мұның бәрін негізге ала отырып, бақытты іздеуге болмайтынын айтты. Әсіресе, келтірген мына мысалы әсерлі болды: «Ит бақытын құйрығымен байланыстырады. Оны шап беріп ұстап алсам, бақытқа кеңелемін деп ойлайды да, оның артынан қуа береді. Бірақ, оған ешқашан қол жеткізе алмайды». Шынымен, кейде іздеген нәрсемізді тапқандай қуанғанымызбен, көп ұзамай ол қуаныштың жай ғана алдамшы екенін ұғамыз. Сонымен қатар, профессор ойын қорыта отырып, өмірде ешнәрсені күтуге болмайтынын айтып өтті. Өйткені, реніш, өкпе мен көңіл қалу секілді жағымсыз эмоциялар біз күткен нәрсе орын алмағаннан болады.
Ал, «Электронды журналистика» саласы бойынша білім алып жатқан 2-курс студенті Айжан Рамазанова эгоизм тақырыбын көтерді. Эгоизм қасиетін бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі аборт тақырыбымен шебер байланыстырған ол қылмыскер, психологиялық тұрғыдан тұрақсыз, аурушаң балалардың қалай өмірге келетінін бірнеше мысалдар арқылы дәлелдеді.
Спикердің айтуынша, ата-ананың қалауынсыз, амалсыздан өмірге келген баланың тағдыры сынаққа толы болады. Одан да оларды өмірге әкелмей аборт арқылы баланы алдыртып тастаған дұрыс емес пе деген пікірді ұстанған спикерге жан-жақтан сұрақтар қойылды. Бірі қанша жерден ата-ана болсаң да, іштегі баланың өмірін қиюға адамзаттың құқығы жоқ десе, енді бірі ата-ананың қателігі үшін бала жауап бермеуі тиіс деген көзқарасты ұстанды. Балалар кінәлі емес, олардың тағдырымен ойнайтын ересектер.
Бәрінен де қызықты өткен дәріс – «тақырыбы жоқ» Иван Филько. Тақырыбымды тапқан адамға сыйлығым бар деп, алдымен студенттерді бір сергітіп алды. Кейін, әңгіменің барлығын мынандай тосын сұрақтардан бастады:
•Сіз жемқорлыққа қарсысыз ба?
•Сіз үшін жемқорлық жаман нәрсе ме?
•Сіз үшін жемқорлық жақсы ма?
Бұл сұрақтармен келіскендер қол көтеру арқылы өз жауаптарын білдіріп отырды. Кейін пара беріп, пара алмаса да жемқор адамдардың санатына жататындарды да бір тізіп шықты. Ішінде студенттер де бар екен...
Айтпақшы, егер олар президент болса елдің жағдайы мүлдем басқаша болар еді. Кім туралы айтып отырмыз деп ойлайсыз? Иә, дұрыс жауабы – таксист. Бір қызығы, олар да – жемқор. Сіз баратын дүкендер сізге чек бере ме? Кейбір мейрамханада чек ұсынбайды. Тіпті, жекеменшік емханалардан да көрсеткен қызметіне сәйкес чек талап етпейсіз. Олар да – жемқор. Өйткені, олар мемлекетке төлеуі тиіс салықтан ұстап қалады. Олардың есептері мен мемлекеттің есебі сәйкес келмеуі мүмкін.
Ал, студенттер не үшін жемқор? Бүгінде жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жастар білім алып жатыр. Оның 30%-ы мемлекеттік грантты ұтып алған. Бірақ, мемлкеттік грант бойынша білім алып жатқандардың 10%-ы университетте қандай білім алып жатқанын, болашақта мамандығы бойынша жұмыс істейтінін не істемейтінін білмейді. Кейбіреуі, тіпті, оқығым келмейді деген сылтауды айтады. Демек, сіз мемлекеттің ақшасын ұрлап жатырсыз. Оны пайдалану керек жеріне жеткізбеу, текке құртып жатырсыз.
Осындай шағын зерттеуден соң, оқытушы Иван Филько әлемді өзгерту үшін өзіңді дамытуды қолға алуды ұсынды.
Шынымен, өмір – қызықты. Бақытты адасып іздемей немесе құр сөзбен әлемнің «қараңғы бұрышына» барып қайтпай, оған іс-әрекетпен жарық сыйлауды да ұмытпаған жөн. Идеялар мен ойларды бөлісуі тиіс. Сонда ғана сізді қолдайтындар да табылады. Сәттілік тілейміз!