Әлем чемпионатына 5 рет қатысқан футболшы мансабын аяқтады

Әлем чемпионатына 5 рет қатысқан футболшы мансабын аяқтады
Фото: Sportbox

Футболдан әлем чемпионатына 5 рет қатысқан мексикалық ойыншы Рафаэль Маркес мансабын аяқтады. Бұл туралы футболшы twitter желісіндегі парақшасында жазды.

39 жастағы футболшы жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, 21 жыл ішінде өзі ойнаған командалардың жейдесінде түскен суретін жариялады. Алдағы уақытта ойыншы өз еліндегі "Атлас" командасында қызмет атқаратын болады. Ол кәсіби мансабын осы клубта бастаған.

Рафаэль Маркес  "Атлас", "Монако", "Барселона", "Нью-Йорк Ред Булл", "Леон" және "Верона" клубтарында ойнады. Ірілі-ұсақты 20 бірдей чемпиондық атақты иеленді. Оның 12-ін каталондық клубта ойнаған кезінде жеңіп алды.

Қорғаушы үшін Ресейдегі әлем чемпионаты - мансабындағы бесінші мундиалы болды. Өзі қатысқан 5 әлем чемпионатында да Мексика құрамасының капитаны болып, тарихта қалды.

Әлем чемпионатына 5 рет қатысқан футболшылар санаулы ғана. Рафаэль Маркестен өзге Антонио Карбахаль (Мексика), Лотар Маттеус (Германия) және Джанлуиджи Буффон (Италия) бар. Италиялық қақпашы 1998 жылғы әлем чемпионатына барғанмен, негізгі құрамда болған жоқ.

О. Сансызбай