Қазақтың Қанаты 32 жасқа толды

Бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның туған күні. Спорттық мансабында ірі жетістіктерді бағындырып жүрген отандасымыз 32 жасқа толды.

Қанат Ислам 1984 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келген. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы.

- Менің Атажұртыма келудегі негізгі мақсатым екі түрлі болған. Біріншісі, өз елімнің азаматтығын қабылдап, қазақ елінің азаматы атанып, қазақ туын жамылып, Лондон Олимпиадасына қатысу болатын. Екіншісі, Лондонға бара алмайтын жағдай болса, бірден таза кәсіпқой боксқа кету еді, - дейді сұқбаттарының бірінде.

Қанаттың Лондонға жолы түспеді. Нәтижесінде отандасымыз кәсіпқой боксқа біржола бет бұрды. Бүгінге дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 18-ін нокаутпен аяқтады. Сондай-ақ, бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие.

Айта кетейік, Қанат Ислам 29 қазан күні Алматыда ганалық боксшы Патрик Аллотеймен жұдырықтасады. WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласатын болады. Жекпе-жек Алматы қаласында «Almaty arena» спорт кешенінде өтеді. Отандасымызға бірге жанкүйер болайық.

Қанат Исламды туған күнімен құттықтап, отбасына амандық, спорттық мансабына зор жетістіктер тілейміз.