Бағы жанбай жүрген бапкерлер

Бағы жанбай жүрген бапкерлер

Футбол командасы ойыншылардың деңгейімен ғана жоғарғы жетістікке жете бермейді. Клуб тізгінін ұстаған бапкерлердің де атқаратын қызметі айрықша. Бүгін біз сіздерге бағы жанбай жүрген, немесе командасын жоғарғы жетістіктерге жетелей алмай отырған, жақын күндері қызметінен кетуі мүмкін бапкерлер турасында айтатын боламыз.

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының басталғанына да көп уақыт өткен жоқ. Небәрі ІІІ тур ойындары ғана артта қалды. Бірақ, қазірдің өзінде маусымды сәтті бастай алмаған кей клубтардың бапкерлері қызметінен кетуі мүмкін деп айтылуда.

Жаңа маусымды Қостанайдың «Тобылы» сәтті бастамады. ІІІ турдан кейін бар болғаны бір ғана ұпай иеленіп, соңғы орында тұр. Кей отандық сайттар Вардан Минасян қызметінен кетуі мүмкін деп те жазуда. Ал Армения сайттары таратқан ақпарат бойынша, Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов бапкерге сенім артып отыр екен. Ал өз кезегінде Вардан Минасян клубтың бұрынғы бапкері Сергей Масленовпен бірге жұмыс жасаудан бас тартып отырғанға да ұқсайды. Ол клуб басшылығына Сергейдің қызметінен босатуын өтінген. Ал ресейлік агент Сергей Цирин Вардан Минасянның қызметінен жақын күндері кететініне күмән келтіріп отырған жоқ. Себебі, бұл бапкер өткен маусымда «Тобылдың» жетінші орын алуына ғана септігі тисе, жаңа маусымда клуб қауқары мүлде әлсіз саналуда. Сондықтан алдағы бірнеше турда алғашқы бапкерлер ауысып қалуы да мүмкін. Бұл қатарға «Тараз» клубының бапкері Евгений Яровенконы да қосуға болады.

Филиппо Индзаги

«Миланның» ардагер ойыншылары бапкер болуға асығуда. Әсіресе өздері ойнаған клубты тығырықтан алып шыққысы келеді. Бірақ, бірінің қолынан келер емес. Осыған дейін Кларенс Зеедорфтың қолынан жұмыс келмесе, енді Филиппо Индзаги жеңіске бастар жолды таба алмауда. Клуб қазіргі уақытта «А» сериясында 10-шы орында келеді. Егер алдағы бірнеше турда тағы жеңіліс табар болса, Филиппо Индзаги қызметінен кететін болады. Ал оның орнына бұрынғы командаласы Дженнаро Гаттузо келуге емеурін танытып отыр.

Руди Гарсия

Римдік «Романың» ойыны оңалмай жүр. Еуропа лигасынан да шығып қалды. Клубтың шабуыл шебі әлсірегені айқын байқалады. Бірақ, бұл тұста бапкердің кінәсі жоқтай. Десе де «Романың» ойыны дәл осылай жалғасар болса, Руди Гарсия орнын сақтап қала алмауы мүмкін.

Мануэль Пеллегрини

Ағылшындық «Манчестер Ситидің» ойынын түсініп болмайды. Бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ала-құла ойнап келеді. Ішкі біріншіліктегі жағдайы дұрыс болғанмен, кез келген ойында фаворит бола тұра жеңіліс тауып жүр. Оның себебін футбол мамандары бас бапкер Мануэль Пеллегринидің ұстанған жүйесімен түсіндіруде. Яғни, чилилік бапкер ұстанған жүйе өз жемісін берер емес. Маусым соңынан бұл орынға өзге бапкер келуі бек мүмкін.

Карло Анчелотти

Наурыздың 22-нен 23-не қараған түні әлем жұртшылығы асыға күтетін «Барселона» мен «Реал» арасындағы кездесу өтеді. Егер сол ойында «корольдік клуб» жеңіліс табар болса, Карло Анчелотти қызметінен кетуі мүмкін. Себебі, «Реалдың» ойыны соңғы кездері сүреңсіз өтуде. Бірақ, клуб президенті Флорентино Перес италиялық бапкер қызметінен кетпейді деп мәлімдеуде. Бұл жай сөз болуы да бек мүмкін. Бірақ, Карло бапкер мадридтік клубпен жетістікке жетпеді емес, жете білді. Таңдау - клуб басшылығында.

Бұл аталған бапкерлерден өзгелері де бар. Мысалға, Юрген Клопп («Боруссия д») пен Рафаэль Бенитес алдағы маусымда Еуропаның топ-клубтарының бірін жаттықтырып қалуы ғажап емес. 

Сурет: AFP, Getty Images

Оқи отырыңыз

Қытайлықтар футболды мектептің міндетті пәндері қатарына қоспақ

Қазақстан 2026 жылы Футболдан әлем чемпионатын өткізуге ниетті

Бауыржан Исламханның өмірлік ұстанымдары

О. Сансызбай