«Алтын допты» Мануэль Нойер иеленуі мүмкін

«Алтын допты» Мануэль Нойер иеленуі мүмкін

Бірер күннің жүзінде жекелей футболшыға берілетін футбол әлеміндегі танымал сыйлықтың бірі – «Алтын допқа» үміткерлер тізімі жарияланады. Расында да, биыл бұл сыйлықты кім алар екен?

Өткен жылы «Алтын доп» Криштиану Роналдуға бұйырған. Бұл жылы да португалдық сұрмерген жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. «Реалмен» бірге Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Сонымен қатар, осы додада ең көп гол соққан ойыншы ретінде рекорд орнатты. Ал Лионель Месси үшін өткен маусым аса сәтті бола қойған жоқ. Әсіресе, әлем чемпионатының финалында жеңіске жетіп жатқанда басты үміткер саналуы мүмкін еді. Жақында УЕФА президенті Мишель Платини бұл жылы «Алтын допты» неміс ойыншысы алуы тиіс деп баса айтты. Ал Германия құрамасы сапынан бұл атаққа бірден-бір үміткер ретінде Мануэль Нойер мен Томас Мюллерді атауға болады.

Жақында ESPN басылымы «Алтын допқа» басты үміткер бес ойыншының есімін жариялады. Екеуі сөзсіз Криштиану Роналду мен Лионель Месси болса, қалған үміткерлер қатарына Анхель Ди Мария, Диего Коста және Томас Мюллер еніп отыр.

Бүгін 2004 жылы «Алтын допты» иеленген Андрей Шевченко осы жылы бұл атаққа Германия құрамасы мен «Бавария» қақпашысы Мануэль Нойерді лайықты деп танып отыр. Шынтуайтына келгенде, неміс қақпашысы үшін бұл жыл жаман өте қойған жоқ. Әлем чемпионы атанып қана қоймай, үздік қақпашы атағын да иеленді. Чемпиондар лигасында топ жара алмаса да, бундеслигадағы биіктіктерді бағындырды. «Алтын доп» иегерін анықтауда жеткен жетістікпен қатар, жеке бастың шеберлігіне де баса мән беріледі. Мануэль Нойер болса командасына керек кезде орталық қорғаушы қызметін атқарып кететін сәттерін де жақсы білеміз. Мишел мырза айтқанынын ескерер болсақ, қақпашы неміс құрамасы сапынан бірден-бір әрі басты үміткер саналуда. Егер Германия құрамасы мен «Бавария» қақпашысы бұл атақты иеленіп жатса, «Алтын допты» иеленген футбол тарихындағы екінші қақпашы атанатын болады.

Сурет: ria.ru

О. Сансызбай