Қазақстан Токиодағы Олимпиада трансляциясына қанша жұмсады?

Қазақстан Токиодағы Олимпиада трансляциясына қанша жұмсады?

Қазақстанның Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі Токиодағы Олимпиада ойындарының трансляциясын ұйымдастыруға жұмсалған соманы мәлімдеді.

Департамент бұл ақпаратты "Ақ жол" демократиялық партиясы фракциясының депутаттық сауалына жауап ретінде айтты.

Олимпиада ойындарының авторлық құқық иесі жапондық Dentsu Inc компаниясы. Ал, оның Орталық Азиядағы өкілі шведтік Silver spring media компаниясы. Министрліктің мәліметінше, 2018 жылдың 16 қарашасында жоғарыда аталған компаниялар 2021 және 2022 жылдардағы Олимпиада ойындарын трансляциялау құқығын жалпы сомасы 15 миллион долларға сатып алуды ұсынған.

"Айта кету керек, 2016 және 2018 жылғы Олимпиада ойындарына хабар тарату құқығын сатып алу техникалық шығындарды ескере отырып, еліміз 5,1 миллион доллар шығындалған болатын", - делінген министрлікте.

Биыл ақпанында "Қазақстан РТРК" АҚ пен "Хабар"агенттігі  Silver spring media мен Dentsu Inc. компаниясына 5,1 млн. доллар сомасында келісімшарт жасау мүмкіндігін қарастыруды сұрап хат жолдаған.

"Алайда компаниялар бұл ұсынысты елемей, хатты жауапсыз қалдырды", - дейді министрлік.

Осыдан кейін келіссөздер жалғасын тапты, министрліктің мәліметінше, авторлық құқық иелері тек соңғы күні, Олимпиада басталар алдында бағаны төмендетуге келіскен.

"2021 жылдың 23 шілдесінде Токиодағы (Жапония) ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары мен Пекиндегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарын трансляциялауға лицензиялық құқықтарды сатып алу туралы келісімге техникалық шығындарды қосқанда жалпы сомасы 6.25 млн доллар жұмсалды, - деп жауап берді министрлік.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандық телеарналар мен авторлық құқық иесі хабар тарату құқығының құны туралы келісімге келе алмағаны хабарланған болатын. Қазақстан РТРК: "Оның себебі – құқық иесі хабар тарату лицензиясының бағасын 2016 және 2018 жылдарға қарағанда 123 пайызға жоғары қоюы", - деп мәлімдеді.

Кейінірек, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев жағдайға түсініктеме бере отырып, Қазақстанның құқықтарды сатып алу үшін артық төлегісі келмейтінін атап өтті.

23 шілдеде Қазақстан телеарнасы жапондық Dentsu Inc компаниясымен келіссөздердің аяқталғанын хабарлады.

Айта кетейік,Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасында әзірге төрт медальға қол жеткізді. Елдос Сметов (дзюдо), Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло (ауыр атлетика) және құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев бокстан қола жүлде алды. 

А. Оралқызы