1912 жылдан бері алғаш рет Олимпиаданың алтын медалі екі спортшыға бөліп табысталды

1912 жылдан бері алғаш рет Олимпиаданың алтын медалі екі спортшыға бөліп табысталды
Фото: eurosport

Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында, ерлер арасында биіктіктен секіру секторында бірден екі чемпион анықталды. Бұл туралы Олимпиаданың ресми сайты хабарлады.

Катарлық Мутаз Эсса Баршим мен итальяндық Джанмарко Тамбери биіктікке секіру бойынша бірдей нәтижені көрсеткен.

Екі спортшы да 2,37 метр биіктікке секірген. Алтын медалдің иесін анықтау үшін екеуі де 2,39 метр биіктікке секіріп көрді. Бірақ, екі спортшы да бұл биіктікті бағындыра алмады.

Ойыннан кейін төрешілер екі спортшыны да Олимпиада чемпиондары деп атады.

"Ол спортта ғана емес, сыртта да менің ең жақын достарымның бірі. Біз бірге жаттығамыз", - деді Баршим.

Үшінші орынды  Беларусь спортшысы Недасеков (2,37) алды.

Айта кету керек, Олимпиада тарихында 1912 жылдан бері алғаш рет жеңіл атлетикадан екі спортшы арасында алтын медаль бөлінді.

А. Оралқызы