Токио Олимпиадасында бақ сынайтын ең жас спортшы

Токио Олимпиадасында бақ сынайтын ең жас спортшы
Фото: reuters

12 жастағы ағылшын қызы Токиодағы Олимпиада ойындарына барады, ол ел құрамасының ең жас спортшысы.

Ұлыбританиялық 12 жастағы Скай Браун алдағы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының скейтбординг құрамына енгізілді. Осылайша, ол Ұлыбританиядағы ең жас жазғы Олимпиада ойыншысы атанды.

Скейтбординг биыл алғаш рет олимпиада ойындары құрамына енгізілген. Скай Браунның жасы 4 тамызда Ариака қалалық спорт паркінде өнер көрсеткенде 13 жас 11 күн болады.

Оған дейін Ұлыбританиядағы ең жас олимпиадалық әйел жүзуші Маргери Хинтон болған, оның жасы 1928 жылы Амстердамда жарысқа қатысқан кезде 13 жас 44 күн болған.


"Бұл ғажап сезім. Мен қатты толқып тұрмын, Британия үшін бар күшімді саламын", - деді қыз.

Ұлыбританияның скейтбординг командасы құрамында 14 жастағы Бомбетт Мартин де олимпиадаға барады.

"Екеуі де Ұлыбритания құрамасының алғашқы скейтбордисі ретінде тарихқа енеді, ал Скай сонымен қатар біздің ең жас жазғы олимпиадашы ретінде тарихта қалады", - дейді Токио Олимпиадасының Ұлыбритания миссиясының басшысы Марк Инглиенд.

2020 жылы маусымда Браун шамамен бес метрлік биіктіктен бетонға құлады деген ақпарат бар. Оның бас сүйегі шытынап, сол қолы мен оң саусақтары сынған, жүрегі мен өкпесіне қатты соққыдан зақым келген.

Скай 8 жасынан бастап түрлі жарыстарда өнер көрсете бастаған, қазір рейтингте үшінші орында. Ол осы спорт түрінен Олимпиададағы басты фавориттер қатарында.

Еске салайық, Токиодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындары 2020 жылдың жазында өтуі керек еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты оларды осы жылға ауыстыруға тура келді, Олимпиада 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді. Ұйымдастыру комитеті бұл ойындарды шетелдік жанкүйерлерсіз өткізу туралы шешім қабылдағанын ресми түрде хабарлады.

Т. Раушанұлы