Шавкат жекпе-жекке дейін қалай жарақат алып қалды? – команда директоры жауап берді

Шавкат жекпе-жекке дейін қалай жарақат алып қалды? – команда директоры жауап берді

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов елге оралды. Алдағы уақытта жарақатын емдетіп, Жаңа жылдан кейін жаттығуын бастайды. Бұл туралы "Вестник ММА" арнасына берген сұхбатында DAR Team командасының директоры Бауыржан Уталиев айта кетті. 

Шавкат Стивен Томпсонға қарсы жекпе-жекке жарақатпен шықты. Бұл кездесу аяқталғаннан кейін белгілі болды. Октагонда отандасымыз күрес әдісіне басып, аяққа көп күш салмауды жоспарлап шыққан. Бұл жоспары сәтті жүзеге асты деуге болады. Ал Шавкат қалай жарақат алып қалды? Бұл сұраққа АҚШ-ғы жаттығу кезінде жанында болған Бауыржан жауап берді. 

Сенбі еді. Кроссфит жаттығуын жасауымыз керек. Оған жүгіру керегін ескерттім, ол болса секіру жаттығуын жасады. Ыңғайсыз жасалған қимылдан аяғын қайырып алды. Бірден ісіп кетті. Ауруханаға алып барып, сақтандыру бойынша мәселені шештік. Біреулер америкалықтардың медицинасын мақтайды, енді біреулер жағымсыз пікір айтады. Біз барған бірінші дәрігер сүйектің жарылғанын айтты. Қиын жағдайда қалдық. Ол жүре алмайды. Содан басқа дәрігерге бардық. Шавкат сараптамалық қағазын Қарағандыдағы таныс дәрігеріне жіберді. Оның да айтқанымен америкалық дәрігерлердің диагнозы тура келді. Бұрыннан болған жарақаты екен. 3-4 күн күтуімізді айтты. Осы уақытта жүріп кетпесе, жекпе-жектен бас тартамыз деп ойладық, - дейді Бауыржан. 

Шавкат Рахмонов жексенбідегі жекпе-жегінен кейін UFC рейтингінде үшінші орынға көтерілді. Чемпиондық жекпе-жекке басты үміткерлер қатарына қосылды. Ал келесі кездесуін келер жылдың жазында өткізуі мүмкін. 

Жазда жекпе-жекке шығады деп ойлаймын. Өзі де солай ойлап келді. Уақыттың алдына түспеймін. Тынығамыз, Жаңа жылдан кейін жаттығуын бастайды. Тобығын емдету керек. Әлі ісіп тұр, - деді Бауыржан. 

Айта кетейік, бүгін Алматыда Шавкат пен командасын жанкүйерлер зор қошеметпен күтіп алды

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай