"Пенальти рухын сындырды". Мамандар футболдан Қазақстан құрамасының қос жеңілісінің себебін түсіндірді

"Пенальти рухын сындырды". Мамандар футболдан Қазақстан құрамасының қос жеңілісінің себебін түсіндірді
Фото: "ХабарLike"

Қазақ футболының ардагері, бапкер Асқар Қожаберген, комментаторлар Ержан Көшкінбай мен Шалқар Естен "ХабарLike" бағдарламасына берген сұхбатында Қазақстан футбол құрамасының кейінгі екі ойынында да жеңіліс табуының себебін түсіндіріп көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ең алдымен, жеке пікірін бапкер Асқар Қожаберген білдірді.

"Біріншіден, біздің футболшылар психологиялық тұрғыдан сынға дайын болмады. Екіншіден, құраманың алға ұстар ойыншылары сары қағаз алып, ойыннан шеттетілді, сондықтан топ ойынға ең мықты құраммен шыға алмады", - деді Асқар Қожаберген.

Ал комментатор Ержан Көшкінбайдың айтуынша, пенальти берілген сәт топтың рухын түсіріп тастады. Бұған қоса, ұлттық құраманың дайындығы да көңіл қуантарлықтай емес. 

"Мен де бірінші реттегі себеп, футболшылардың бойындағы психологиялық мәселе деп ойлаймын. Екіншіден, иықтарына тым ауыр жауапкершілік артылды, олар соны көтере алмады. Сондай-ақ, бірінші гол пенальтиден соғылды. Негізі көп жағдайда дәл сол кездегі жайт үшін пенальти берілмейді. Әділетсіз деп айтпаймын, аяқтан тепкені рас, бірақ жеңіл тепті. Пенальти берілген сәт топтың рухын түсіріп тастаған секілді. Бірінші голдың артынша соғылған кейінгі голдар мұның айқын дәлелі деп білемін. Бұған қоса, жігіттердің дайындығы да көңілден шықпады. Мұны айта кету керек. Көпшілік футболшыларды көп сынап жатыр ғой, "сәнмен айналысып кетті", "Дубайда несі бар?" деп те айтып жатыр. Жеңіліске көптеген фактор әсер етті, соның ең бастысы - психологиялық мәселе", - деді Ержан Көшкінбай.

Комментатор Шалқар Естен де әріптесінің пікіріне қосылды. Ал Люксембург құрамасымен жолдастық кездесуде қазақ жігіттері ойынды жақсы бастаған.

"Ержанның пікіріне қосыламын, пенальти 50/50 болды, бұл адам факторына байланысты. Ал екінші жолдастық кездесуді жігіттер жақсы бастады. Әсіресе, жас футболшымыз Әділет Садыбеков ұлттық құрама сапындағы өзінің дебют голын соқты. Бірақ неге екенін білмеймін, тамашалап отырдық, ары қарай біздің құрамның ойыны мүлде жүрмеді. Екі гол жіберіп алдық, әйтпесе Люксембургтің құрамын Грекиямен салыстыруға келмейді", - деді Шалқар Естен.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы Грекиядан 5:0 есебімен ойсырай ұтылғаны хабарланған болатын. Артынша Қазақстан футбол құрамасы Люксембургтен жолдастық кездесуде де жеңіліп қалды. Осылайша футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына берілетін жолдама жолындағы жорығын аяқтады.

Тағы да оқи отырыңыздар: Бала неше айында еңбектенуі керек?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә