“Мықты болсаңдар, өздеріңді көрсетіңдер“: Асу Алмабаев мәлімдеме жасады

“Мықты болсаңдар, өздеріңді көрсетіңдер“: Асу Алмабаев мәлімдеме жасады
Фото: ©x.com/ufc

Қазақстандық файтер Асу Алмабаев Қатарда өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригучиден жеңілгеннен кейін пікір білдірді. Ол жанкүйерлеріне қолдауы үшін алғыс айтып, өзін сынағандарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Асу Алмабаев бұл жеңіліс ауыр тигенін жасырмады. Өйткені ол жекпе-жекке ұзақ дайындалып, чемпиондық белбеу үшін айқасуға бір қадам жақындаймын деп үміттенген.

"Мені таңғалдыратыны – кейбір бауырларымыз менің жеңілісім арқылы атын шығарғысы келеді. "Біреудің сүрінгеніне қуанып, озбайсың" деген сөз бар. Егер сонша мықты болсаңдар, мұнда келіп, үздік бестікке, ондыққа, жиырмалыққа кіріңдер. Өздеріңді осы жерде көрсетіңдер. Біреудің жеңілісі арқылы атақ жинау – ұят", – деді Алмабаев.

Қазақстандық спортшы төрешілердің шешіміне де тоқталды. Оның айтуынша, жекпе-жек кезінде өзін басым түстім деп ойлаған. Себебі әр раундтан кейін бапкерлері оның жеңіп жатқанын айтып отырған.

"Мен жеңілісіме сылтау іздеп отырған жоқпын. Шынымды айтсам, жеңдім деп ойладым. Әр раундтан кейін бапкерлерім "Сен жеңіп жатырсың" деп айтып отырды. Нәтиже жарияланған кезде Хоригучидің өзі де жеңгеніне таңғалғанын көрдіңіздер ғой", – деді ол.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

ASU ALMABAYEV (@asu_zulfikar57) жариялаған жазба

Еске салайық, Асу Алмабаев Катардағы UFC турнирінде Кёдзи Хоригучиге төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен есе жіберді.

Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы қарсыласын бірнеше рет партерге түсіргенімен, жапониялық файтер қиын жағдайлардан шығып, тік тұрып соққы алмасу кезінде қарымта шабуылдар жасаған.

Бұл – Алмабаевтың UFC-дегі екінші жеңілісі. Осылайша оның қатарынан үш жекпе-жекте жеңіске жеткен сериясы үзілді.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

UFC (@ufc) жарияланымы

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget