Қысқы Азия ойындарына арналған «Алтын тиын» аукционда сатылды

Қысқы Азия ойындарына арналған «Алтын тиын» аукционда сатылды

Астана мен Алматыда өткен 7-қысқы Азия ойындарына арнайы шығарылған алтын монета 9 миллион теңгеге Атырау қаласында сатылды. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы хабарлайды. 

50 мыңдық құны бар тиын 999 сапалы алтыннан жасалған. Салмағы бір келі. Жалпы елімізде мұндай тиындардың 145 дана шығарылған. Ұлттық банктің хабарлауынша, монетаның бүгінде тек біреуі ғана сатылған. Оны Атырау қаласының тұрғыны жеке мұрағатына сатып алған екен. Енді Ұлттық банк Батыс Қазақстанның тұрғындарына «Ұлы Жібек жолы», «Алтын барыс» деген тиындарында аукционға қоюды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Ұлттық банк бас-аяғы Азия ойындарына арнап 5 мың, 500, 100 теңгелік 20 мыңнан астам тиын шығарған. 100 теңгелік тиын 999 сапалы алтыннан жасалған. Жалпы Ұлттық банк мұндай тиындардың 8 мың данасын шығарса, 925 санаттан жасалған 500 теңгелік күміс монетаның 13 мыңын шығарған. Ал 5 мың теңгелік күміс тиынның 225 ғана данасын шығарған екен. 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: Vesti.kz

А. Құлтай