Қола медаль қоржында

Алматыда бендиден өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құрамамыз қола медальді қоржынға салды. Үшінші орын үшін Алексей Никишовтың шәкірттері Финляндия құрамасымен сынға түсіп, нәтижесінде жігіттеріміз қарсыластарын 10:5 есеппен тізе бүктірген болатын. Айта кететін жайт, жігіттеріміз қола медаль үшін сынға түсетінін кездесуге жарты-ақ сағат қалғанда ғана білген. Бұған қарамастан, бендишілеріміз бірінші таймда әдемі өнер көрсетіп, 4:2 ұпаймен алға шықты. Бірақ бұл нәтиже спортшыларымызға аз көрінген сыңайлы, Алексей Никишовтың шәкірттері қанқызумен қарсыластарының қақпасына тағы 6 доп кіргізіп, қола медальға қол жеткізді. Финляндия құрамасы екінші таймда  қақпамызға тек 3 доп кіргізе алды.

Естеріңізге сала кетсек, кеше, яғни ақпанның төрті күні, ақтық сынға  жолдама алу үшін бендишілеріміз Швеция құрамасымен таяқ түйістіріп, есепті 4:4 ұпайымен аяқтағанымен, жігіттеріміз пенальтиден жеңілген.

Ақпарат көзі https://tengrinews.kz