Ашхабадта қазақ күресінің абыройы асты

Ашхабадта қазақ күресінің абыройы асты
Фото: Данияр Майлыбаев

Қазақ күресі тұңғыш рет Ашхабадтағы жабық кешендегі V Азия ойындарының бағдарламасына еніп, үш салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды. Бұл да төл спортымыздың әлемге танылуына бір септігін тигізді десек қателеспейміз.

Ашхабадтағы Азия ойындарында Олимпиада бағдарламасына енбейтін бірнеше күрес түрлері бойынша жарыстар өтті. Олардың қатарында қазақ күресі де болды. Алғаш рет осындай ауқымды дода бағдарламасына енген ұлттық спортымыз жанкүйерлер назарын ерекше аудара білді. Үш салмақ дәрежесі ұйымдастырылған жарысқа елімізден үш балуан аттанған болатын. Үш балуанымыз намысты қолдан берген жоқ. 8 қыркүйек күні Астанада өткен Әлем барысында үздік шыққан Айбек Нұғымаров 90 келіден жоғары салмақта қарсылас шыдатпады. Отандасымыз тәжік балуаны Диловар Гуловты, түрікмен балуандары Кууат Нуреу және Назар Дурдиевты жеңіп, финалға шықты. Шешуші белдесуде Айбек қырғызстандық Тілек Қуаловтан айласын асырып, ел қоржынына алтын медаль салды.

70 келіге дейінгі балуандар белдесуінде Қасымхан Түленбай Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Финалда түрікмен балуанынан басым шықты. Ал 80 келіге дейінгі салмақта белдескен Әділжан Ыстыбаев қола медальды қанағат тұтты. Бұл балуандарымыз үшін де, қазақ күресі үшін де зор жетістік.

Түрікмен елінің астанасындағы қазақ күресіне 11 елден келген балуандар бақ сынады. Келесі Азия ойындарында қатысушылар саны да арта түседі деген сенімдеміз. Алда өтетін жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енсе нұр үстіне нұр болар еді.

2004 жылдан бергі аралықта Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен 11 рет Азия чемпионаты, 3 рет Еуропа чемпионаты және 6 рет әлем чемпионаты мен 3 рет әлем кубогы өткен. Африка чемпионаты мен жастар мен жасөспірімдер арасында өткізілген әлем чемпионаттары да ұйымдастырылып келеді. Ашхабадта да қазақ күресінің абыройы асты. Осы жарысқа аттанар алдында  Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының бірінші вице-президенті Серік Түкеев төл спортымызды 2018 жылы Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындарына, одан кейін 2020 жылы Токиодағы Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін күш салатынын айтқан болатын. Сондай-ақ қазақ күресінің атауын өзгертіп, бір сөзбен атау жайын да айта кеткен еді.

- 2004 жылы Германияның Берлин қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығын құрғанбыз. Сондағы басты мақсатымыз – қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу. Осы межеге жету жолында қыруар жұмыс атқарылды. Қазақ күресінен Азия чемпионаты он бір мәрте өткізілді, Еуропа біріншілігін де бірнеше елде өткіздік. Әлем чемпионаты алты рет ұйымдастырылды. Африка чемпионаты да жоғары деңгейде өтті. Жастар мен жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі өткізілді.  Қазақ күресінің, ұлттық спортымыздың жанашыр азаматтарының арқасында, солардың игі жоспарымызды қолдап, демеуінің нәтижесінде осындай жарыстарды ұйымдастырдық. Бұл жағынан, президентіміз Ислам Әбішев келешекке де өте ауқымды жоспар құрып отыр. Келесі жылы жалпы Индонезияда Азия ойындары өтеді. Ал ең басты мұрат – 2020 жылы Жапонияда өтетін Олимпиадаға қатысу. Алдағы уақытта қанатты мейлінше кең жайып, Қазақ күресін әлемдік дәрежеге көтеруді көздейміз, - деген еді.

О. Сансызбай