"Көроғлы арқылы қазақты әлемге танытқым келеді" - Айза Иманбек

"Көроғлы арқылы қазақты әлемге танытқым келеді" - Айза Иманбек
Фото: massaget.kz

Мәнерлеп сырғанаушы Айза Иманбек кеше айрықша өнерімен қазақ жанкүйерлерін қуантты. «Көроғлы» күйіне дайындаған бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты.

Айза үшін Алматыдағы Универсиада ойындары үлкен тәжірибе болды. Кей спорт сарапшылары «Көроғлы» композициясын таңдауын сынға алғанмен, ол еркін бағдарламадағы жаттығуларын сәтті орындап шықты. Қос бағдарлама бойынша 131.94 ұпайға ие болды. Мұның өзі – білгенге зор жетістік. Олай болса бүгін «Жұлдыз FM» радиосының «Таңғы шоуында» Айзамен болған шағын сұхбатымызды оқи отырыңыздар.

- Айза Универсиада ойындарында сәтті өнер көрсетуіңмен құттықтаймыз. Еркін бағдарламада «Көроғлы» күйіне дайындаған бағдарламаң керемет шықты. Қалың жұртшылық бұл кім екен деп таңдай қағысты. Алдымен өзіңіз туралы айта кетсеңіз.

- Мен Алматы өңірінің тумасымын. Мұз айдында коньки теуіп келе жатқаныма 14 жылдай уақыт болды. Яғни, 4 жасымнан бастап мәнерлеп сырғанау спортымен шұғылданып келемін. Қазіргі таңда спорт және туризм академиясының бірінші курс студентімін. Олимпиадалық спорт түрлері факультетінде оқимын.

- «Көроғлы» күйінің негізінде өнер көрсеткенің әр қазақтың кеудесінде қуаныш кернеді. Жалпы бұл бағдарламаны кім дайындады? Әлде жеке өзіңнің талғамыңдағы таңдау ма?

- Бұл бағдарламаны дайындауға жалғыз адам ғана күш салған жоқ. Әкем музыканы таңдады. Жаттықтырушыларым мен хореографтар менің мұз айдындағы жаттығуларым мен киіміме көңіл бөлді. Сондықтан бұл бағдарлама ұжымдық еңбектің жемісі.

- Мәнерлеп сырғанау – ең қауіпті спорт түрлерінің қатарына жатады. Бұл спорт түрін таңдауыңызға не түрткі болды?

- Бұл спорт түріне баруыма бірден-бір себепкер жан – әкем. Кішкентайымда күшті болдым. Энергиям тасып тұратын. Балабақшадан келсем де, үйде байыз тауып отырмайды екенмін. Содан әке-шешем мына қыздан спортшы шығар деп, бір шетінен мазаламау үшін осы спорт түріне беріпті.

- Алматыдағы Универсиадаға қанша уақыт дайындалдыңыз? Қайда жаттығулар өткіздіңіз?

- ХХVIII қысқы Универсиада ойындарына қатысатынымды білген күннен бастап дайындалдым. Дайындығым жаман болған жоқ. Кем дегенде бір жылдай осы жарысты күтіп, дайындық үстінде болдым. Елімізде дайындалдым. Шет елдердегі оқу-жаттығуға жылына 2-3 рет шығып тұрамын. Ел чемпионатынан кейін Универсиадаға қатысатынымды естігенде, тіпті қуандым. Өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету – мен үшін зор қуаныш.

- Жарыстың алғашқы күніндегі қысқа бағдарламада қобалжығаныңыз байқалды. Жанкүйерлер қолдауы мен олардың мәдениеті қалай әсер етті?

- Өз жанкүйерлеріңнің алдында мұз айдынға шығу көп жауапкершілікті жүктейді. Мен алғаш рет осыны толықтай сезіндім. Алғаш рет бүкіл зал маған қолдау білдірді. Сондықтан да аздап жүрексініп, қобалжығаным рас. Өте шулы болды.

- Айза алда келе жатқан Жапониядағы қысқы Азия ойындарына қатысасыз ба?

- Иә, мен қатысатын болдым. Бұйырса, жапон жерінде бақ сынайтын боламын.

- «Көроғлымен» бәрімізді тәнті еттіңіз. Күншығыс елінде қандай бағдарламамен шығасыз?

- Бағдарламалар дайын деп ойлаймын. Осы екі бағдарламамды пысықтаймын. Қысқасында – танго музыкасы, ал еркін бағдарламада Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйімен шығамын. Осы күй арқылы қазақты әлемге танытқым келеді.

- Айза алдағы уақытта жұптық мәнерлеп сырғанау туралы ұсыныстар түссе келісесіз бе? Мұндай жоспарыңызда бар ма? Әлде...

- Мен жекелей сында жарысқа қатысқанды жақсы көремін. Бірақ егерде менде жұптасып бақ сынауға мүмкіндік болса, мен жұптық сайысты емес, мұздағы жұптық биді таңдар едім. (Жұптық мәнерлеп сырғанауда түрлі жаттығулар орындалады, ал мұздағы биде акробатикалық жаттығулар орындалмайды)

-  Бұқаралық ақпарат құралдарында сіздің тегіңіз әрқилы жазылып жүр. Біреулер сіздің тегіңізді Момбекова дейді, енді бірі Мамбекова дейді. Иманбек пен Имамбек деген де нұсқалары бар. Осының қайсысы дұрыс?

- Құжат бойынша Мамбекова деп жазылып жүр. Кезінде бабам Иманбек болыс болған. Алаш зиялыларымен қызметтер атқарған. Кейіннен «халық жауы» деп қудалаған. Ата-анасын, туған-туыстарын жазалаған. Бір әулеттен менің атам Бағдат қана аман қалыпты. Ұрпағыма салқыны тимесін деп Момбеков емес, Мамбеков деп жаздырған екен. Негізі Иманбек жазған дұрыс деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы жарыстарда тек жеңіс тұғырынан көрінуіңізге тілектеспіз.

О. Сансызбай