Қытайда ауыр атлетикадан ірі халықаралық турнир басталды

Қытайда ауыр атлетикадан ірі халықаралық турнир басталды
Фото: wfrk.kz

Бүгін Қытайдың Фучжоу қаласында ауыр атлетикадан ірі халықаралық Гран-При турнирі басталды. Дода барысында Рио Олимпиадасына лицензиялық ұпайлар таратылатын болады.

Маңызды додаға қазақстандық зілтеміршілер де қатысады. Үш күнге созылатын жарыста еліміздің намысын 8 спортшы қорғайды. Олардың қатарында әлем чемпионатының қола жүлдегері Кирилл Павлов (77 келі), жақында ғана Азия чемпионатында топ жарған Айдар Қазов (77 келі), құрлықтық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Сәуле Сәдуақасова (63 келі) мен Әсем Садықова (69 келі) бар. Сондай-ақ Фархад Харки мен Александр Ким 69 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шықса, Семен Линдер мен Ниджат Рагимов 85 келіде сынға түседі. Айта кетейік, Ниджат Қазақстан құрамасы сапында алғаш рет өнер көрсеткелі отыр. Дүниежүзілік жасөпірімдер Олимпиадасы мен Еуропа біріншілігінің жеңімпазы ұлттық құрамаға Әзірбайжан елінен келген болатын.

Фучжоудағы Гран-При додасында ерлер арасында бес салмақ дәрежесі (56, 62, 69, 77, 85 келі) бойынша, әйелдер арасында да бес салмақта (48, 53, 58, 63, 69) жеңімпаздар анықталады. Ал жалпы жарысқа 12 елден 63 спортшы қатыспақ.

Гран-При додасының жүлде қоры 160 000 АҚШ долларын құрап отыр. Чемпион атанған спортшы - 8 000, күміс медаль иеленген спортшыға 5 000 АҚШ доллары табысталады. Қола жүлдегер 3 000 доллар иеленеді. Одан өзге рекорд орнатқан спортшыларға сыйақылар да қарастырылған.

Жарыс кестесі:

21 қыркүйек

13:00-15:00 Әйелдер 48, 53 келі

17:30-19:30 Ерлер 56, 62 келі

22 қыркүйек

13:00-15:00 Ерлер 69, 77 келі

17:30-19:30 Әйелдер 58, 63 келі

23 қыркүйек

13:00-15:00 Әйелдер 69 келі, ерлер 85 келі

16:30-18:30 Жабылу салтанаты

О. Сансызбай