Канадалықтар хоккейді неге ұлттық спорты санайды?

Канадалықтар хоккейді неге ұлттық спорты санайды?
Фото: iihfworlds2015.com

Көп спортсүйер қауымның Канада дегенде есіне бірінші хоккей оралары сөзсіз. Ал хоккей дегенде ең бірінші Канада құрамасы еске түседі. Бүгін Чехияда мәресіне жеткен әлем чемпионатында «үйеңкі жапырақты» елдің құрамасы өз тарихында 25-ші рет чемпиондық атақты иеленді.

Канадалықтар спортты өте жақсы көреді. Олар елге келген қонақтарды ең бірінші спорттық жарыстарды тамашалауға шақырады. Әсіресе бұл елде хоккей, бейсбол, баскетбол және канадалық футболдың (америкалық футболға ұқсас) жанкүйерлері көп. Негізінен ұлттық спорт түрі – лакросс болса, хоккейді – діні ретінде қабылдайды. Ал ірі қалаларында танымал жұлдыздардың қатысуымен гольф және үлкен теннистен жарыстар өткізіп тұрады.

Хоккей спортының Канадада танымалдылығында шек жоқ. Әр қалада жүздеген, тіпті мыңдаған мұз айдындары бар. Ал университет, колледж, тіпті мектептің өзінің жеке хоккей командалары болады. Сонымен қатар, хоккей спорты мектепте сабақ ретінде де оқытылады.

Канадалықтар хоккейді төл спортына балайды. Оның себебі де жоқ емес. ХVІ ғасырда Нидерланды елінің бір суретшісі Канададағы хоккей туралы сурет салып қалдырған. Ал хоккей тарихындағы ең бірінші ойын 1875 жылдың 3 наурызында Монреалда өткен. Бұл туралы Канада мұрағатында жергілікті басылымдардың жазған ақпараттары да сақталған. Ал қазіргі таңдағы әлемге танымал Солтүстік Америка ұлттық хоккей лигасы (ҰХЛ) ең алғаш Канадада құрылған.

Канада халқы балаларын ең алғаш хоккей ойнауға баулиды. Тіпті ол елде стеоротип ретінде қалыптасқан. Ал демалысты хоккей көріп өткізу – ең үлкен қуаныш. Елде ірі жарыстар түгіл кіші додалардың өзіне халық көптеп жиналады. Ал кездесудің билеттері сатылымға шыға салысымен таусылып кетеді екен.

Канада - хоккей спортының Отаны саналғанмен, ХХ ғасырда бұл спорт түрі өзге елдерде де кең танымалдылыққа ие болды. Әсіресе Кеңес Одағы құрамасы хоккей мектебін өз дәуірінде дұрыс жолға қоя білді. Сонымен қатар, бүгінде Чехия, Швеция, АҚШ, Финляндия елдерінде жоғары дәрежеде дамыған. 

Канада құрамасы хоккейден соңғы рет 2007 жылы Ресейде чемпион атанған болатын. Одан кейінгі аралықта «үйеңкі жапырақты» елдің құрамасының жолы болған жоқ. Биыл негізгі құрамда қатысқан Канада Чехиядағы барлық ойындарын жеңіспен аяқтап, чемпион атанды. Түнде өткен ойында олар Ресей құрамасын 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Ал үшінші орынды мұз айдын иелерін жеңген АҚШ құрамасы иеленді.

Айта кетейік, хоккейден 2016 жылғы әлем чемпионаты Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербор қалаларында өтеді. Жоғарғы дивизионға өткен Қазақстан құрамасы «В» тобында Ресей, Швеция, Дания, Норвегия, Чехия, Швейцария және Латвия құрамаларымен бақ сынайтын болады.  

О. Сансызбай