Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

Алматы қаласында ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақтан ІІІ әлем чемпионаты басталды. Бүгін өткен ашылу салтанатынан кейін қатысушылар жарысты бастап кетті.

Әлемдік деңгейдегі ірі спорттық шараны Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруда. «Sat&Co» компаниясы және «AiSer» қонақүйі демеушілік жасаса, Алматы менеджмент университеті, «Атлас Копко Орталық Азия» ЖШС-і және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы серіктестік танытуда.

Зияткерлік тоғызқұмалақ ойыны соңғы жылдары жоғары қарқынмен дамып келеді. Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ спорты федерациялары, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімшіліктерінің қолдауы нәтижесінде бүгінде бұл спорт түрімен шұғылданушылардың саны 100 мың адамнан асып отыр.

Алматы тоғызқұмалақтан ІІІ әлем чемпионатын қабылдауда. Осыған дейін тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізілсе, ІІ Әлем чемпионаты 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында өткен болатын. Алатау бөктеріндегі доданың осыған дейінгі жарыстардан айырмашылығы да жоқ емес, баршылық. Әлем чемпионатына төрт құрлықтың 23 елінен келген спортшылар қатысады. Атап айтсақ, АҚШ, Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Әзірбайжан, Гана, Германия, Грузия, Италия, Колумбия, Молдова, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария сияқты мемлекеттерден барлығы 50-ден астам спортшы қатыспақ.

Бүгін өткен ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ельсияр Қанағатов әлем чемпионатына қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, қазақ күресімен қатар ұлтымызды танытып жүрген бұл спорт түрінің алдағы уақытта да жоғары қарқынмен дамуы үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты.

Өз кезегінде республикалық тоғызқұмалақ федеарциясының президенті Әлихан Байменов та ІІІ әлем чемпионатының ерекшелігі мен маңызы туралы айта кетті.

Жиналған жұртшылыққа соңғы үлгідегі қазақы ою-өрнектермен нақышталған киімдер де таныстырылды

Ашылу салтанаты аяқталысымен жеребе бойынша жарыс басталып та кетті

Айта кетейік, Алматыдағы әлем чемпионатында еліміздің намысын сегіз спортшы қорғайды. Атап айтар болсақ, Каймулдин Жанат (Павлодар), Елеусінов Хакімжан (Қызылорда), Дәлиева Әсел (ОҚО), Сапарбекова Салтанат (ОҚО), Темірбаев Ғалымжан (ОҚО), Қазиев Нұрбек (Ақтөбе), Кенина Диана (Ақтөбе) және Ақтаев Серік (ОҚО). Қазақстандық спортшылар жекелей классикада (Каймулдин Жанат, Елеусінов Хакімжан, Дәлиева Әсел, Сапарбекова Салтанат),рапидте (Темірбаев Ғалымжан, Қазиев Нұрбек, Дәлиева Әсел, Кенина Диана) және блицте де (Ақтаев Серік, Қазиев Нұрбек, Дәлиева Әсел,Сапарбекова Салтанат) өнер көрсетеді. Тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың жаттықтырушысы – Дастан Қапаев.

Әлем чемпионаты 17-сәуірге дейін жалғасады. Жарыс ерлер және әйелдер арасында жекелей классика, рапид, блиц бойынша жеңімпаздарды анықтайтын болады.

Сурет: massaget.kz

О. Сансызбай