2015 жылы қысқы спорт түрлерінен өтетін ірі додалар

2015 жылы спорт әлемінде аса танымал додалар болмаса да, байрақты бәсекелер жетіп артылады. Бүгін біз сіздерге қысқы спорт түрлерінен осы жылы өтетін ірі додалар туралы айтатын боламыз.

2015 жылы ел спорты тарихында да елеулі жаңалық болғалы тұрған – 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін елдің анықталуы. Айта кетейік, 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяда өтеді. Кей ақпараттар бойынша, кореялықтар қаржы мәселесіне байланысты Жапониямен бірігіп, бұл доданы өткізуі де мүмкін. Ал одан кейінгі, нақтырақ айтсақ 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қабылдауға Қазақстан ұсыныс тастаған еді. Өзге елдер де бұл қатардан қалмаған-ды. Алайда 2014 жылдың қорытындысы бойынша ақ Олимпиаданы өткізу құқығына Қытай мен Қазақстан қалалары таласатын болды. Өзге елдер өз ұсыныстарын кері қайтарды. Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалау комиссиясы Алматыға 14-18 ақпан аралығында ат басын бұрады. Ал Пекинге 24-28 наурызда барады. ХОК 2022 жылғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын қала туралы нақты шешімді осы жылдың 31 шілдесінде Малайзияның Куала-Лампур қаласында өтетін 127-ші отырысында мәлімдейтін болады.

Қысқы Универсиада

4-14 ақпан аралығында Испанияның Гранада қаласы мен Словакияның Осрблье аймағындағы Штрбске-Плесо қысқы спорт түрлері орталығында ХХVII қысқы Универсиада ойындары өтеді. О баста Испания қаласы бұл доданы өткізетін жалғыз ғана үміткер болған еді. 2014 жылдың 25 маусымында FISU Словакияны да бұл жарысты өткізетін елдің қатарына қосты. Мұнда биатлон, шаңғы спорты және трамплиннен секіру сайыстары өтеді.

Студенттер 12 спорт түрі бойынша 70-ке жуық медальдар жиынтығын сарапқа салатын болады. Бұл додаға отандастарымыз да қатысады. ҚР студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Закирьяновтың айтуынша, алтын медаль жеңіп алған спортшы 15 000 АҚШ долларын, күміс жүлдегер – 10 000 АҚШ долларын, қола жүлдегер 5 000 АҚШ долларын иеленетін болады.

Қысқы универсиада ойындары араға екі жыл салып әр түрлі елде өтеді. Биыл, Испания мен Словакия жерінде өтсе, 2017 жылы Алматы қаласында байрағын желбірететін болады.

Шаңғы спорты

18 ақпан мен 1 наурыз аралығында Швецияның Фалун қаласында ересектер арасында шаңғы спортынан әлем кубогы ойындары өтеді. Қазіргі таңда түрлі кезеңдері өтуде. Ал оған дейін 1-8 ақпан аралығында Алматыда жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Оған әлемнің 32 елінен 1 000-нан аса спортшы келеді деп күтілуде. Оған 23 жасқа дейінгі спортшылар қатысады. Шаңғы спортынан жастар арасында әлем чемпионаты мен Универсиадаға баратын спортшылар есімі жақында ғана жарияланды.

Коньки спорты

28-ші ақпан мен 1-ші наурыз аралығында Астана қаласында коньки спортының спринттік көпсайысынан әлем чемпионаты өтеді. «Алау» спорт кешеніндегі жарысқа да талай мықты спортшылар келгелі отыр. Қазіргі таңда конькишілер 7-8 наурызда Канаданың Калгари қаласында өтетін әлем кубогының финалына шығу үшін түрлі кезеңдерді артта қалдырып, бақ сынауда.

Биатлон

2015 жылғы биатлоннан әлем чемпионаты 3-15 наурыз аралығында Финляндияның Контиолахти қаласында өтеді. Қазіргі таңда доданың 9 кезеңінің тартыстары өтуде.

Мәнерлеп сырғанау

2015 жылғы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты Қытайдың Шанхай қаласында өтеді. Жарыс уақыты 23-29 наурыз аралығына жоспарланған. «Аспан асты елі» бұл спорт түрінен әлем чемпионатын алғаш рет қабылдағалы отыр. Оған Сочи Олимпиадасында қола жүлдені жеңіп алған отандасымыз Денис Тен қатысады. Ал бұл додаға дейін наурыздың 2-8 күндері Таллинде (Эстония) жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты болады. Ал Еуропа чемпионаты болса 26 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Швецияның астанасы Стокгольмда өтеді.

Фристайл

Қаңтардың 15-і мен 25-і аралығында Австрияда фристайлдан жасөспірімдер мен ересектер арасындағы әлем чемпионаты жалауын желбіретеді. Бұл доданың негізгі кезеңінде Юлия Галышеваның бақ сынауына мүмкіндік бар.

Шорт-трек

2015 жылғы шорт-тректен әлем чемпионаты Ресей астанасы Мәскеуде өтеді. Жарыс уақыты 13-15 наурыз аралығына белгіленген. Ал жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Жапонияның Осака қаласында (27-1 наурыз) өтсе, Европа чемпионаты Нидерландының Дордрехт қаласында (23-25 қаңтар) байрағын желбірететін болады.

2015 жылы қысқы спорт түрлерінен өтетін ірі додалар легі осындай. Алдағы уақытта өзге де спорт түрлерінен өтетін жарыстар туралы мәлімет ұсынатын боламыз.

Cурет:picsfab.com, sports.ru, zastavkii.ru