Вячеслав Ким: Астанада әлемдік таэквондоның элитасы жиналды

Вячеслав Ким: Астанада әлемдік таэквондоның элитасы жиналды

Бүгін Астанадағы "Дәулет" спорт кешенінде таэквондодан бүкіләлемдік Гран-при турнирі басталды. Жарыстың бірінші күнінде тартылған жеребе біздің спортшыларымыз үшін оңайға соқпайтынын аңғардық. Сондықтан болса керек, Қазақстанның таэквондо федерациясының президенті Вячеслав Ким әрбір жекпе-жекті жіті бақылап, өз шәкірттеріне жанкүйер болып жүрді. Біз де Ким мырзаны сәті келгенде трибунадан ұстап, Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқан әлемдік дода жайында аз-кем әңгімеге тартқан едік. 

- Вячеслав Константинович, Қазақстанның елордасында әлемдік Гран-при алғаш рет өтіп отыр. Бұл біздің спортшыларымыздың осы деңгейге сай екенін көрсете ме? Жалпы осынау турнир бізге не береді?

- Шынымен де, Астанада өтіп жатқан халықаралық жарыстың деңгейі жоғары. Олимпиада G-1-ге жатса, әлемдік Гран-при G-4-тің санатына кіреді. Оған рейтингісі жоғары, нақты айтсақ, «Топ-35»-ке енетін таэквондошылар қатыса алады деген сөз. Ал өзімізге келсек, бүгінде Қазақстан құрамасынан аталған топқа бір-ақ адам – Феруза Ергешова кіріп отыр. Бірақ әлемдік доданы ұйымдастырушы мемлекет ретінде біз әрбір салмақ дәрежесіне бір-бір адамнан шығара аламыз. Турнирдің берері де сол болса керек. Осының арқасында олимпиадалық салмаққа жататын сегіз топты қамтыдық. Жалпы, бұл жарысқа 50 елден 219 спортшы қатысып жатыр. Түйіндей айтайын, Астана төріндегі турнирде - Олимпиада және әлем чемпиондары – бәрі-бәрі осында. Былайша айтқанда, әлемдік таэквондоның элитасы Астанада жиналып, өзара сынға түсіп жатыр. 

- Байқаймыз, біздің спортшыларымыз үшін жеребе оңай түскен жоқ секілді...

- Қазір жеребе тарту рәсімі электронды түрде өтеді ғой. Сол себепті бір салмақта өнер көрсетіп жүрген жерлестер бір-біріне қарсы шығуы да әбден мүмкін. Осы жолы да Словения, Украина сияқты құрамалардың спортшыларына бір-біріне қарсы шығуға тура келді. Жалпы, біздің де қарсыластарымыз осал емес. Өзіңіз байқағандай, біз үміт күткен Ферузаның өзі бірінші айналымда аса тәжірибелі қарсыласқа тап болып, ұтылып қалды. Бұл өкінішті. Дегенмен жарыстың аты - жарыс. Сол сияқты әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген француз спортшысы да бірінші айналымда-ақ сүрінді. Ол – Олимпиада чемпионы. Өзі әлемдік рейтингте оқ бойы озық тұр. Соған қарамастан, америкалық бір спортшыға бір ұпай есе жіберіп ұтылды. Енді, спорттың аты спорт. 

- Дегенмен, қазақстандықтар арасында медаль алуға мүмкіндіктер бар ма? Әлемдік доданы өз жерімізде өткізіп, құр алақан қалмайтын шығармыз?

- Шынын айтайық, негізінен, біздің құрамамыз әлі жас. Сол үшін де Қазақстандағы таэквондоның деңгейін көтеру үшін әлі біраз жұмыс жасау қажет. Осы мақсатта біз Оңтүстік Кореядан кәсіби бапкерді алдырттық. Бүгінде нәтиже де жоқ емес. Мен ойлаймын, осы Гран-приде біз медальдардың біреуін аламыз. Алайда бұл негізгі мақсат емес. Басты міндет – осы іспетті халықаралық додаларды өткізу арқылы спортшылардың дайындығын шыңдау. Мәселен, бұған дейін ішкі бір жарыстарға Оңтүстік Кореяның чемпионын шақырған кезде біздің балаларымыз сасқалақтап жатты. Сосын бара-бара еті үйренді. Ал осы іспетті әлемдік додаларды өткізу арқылы біз олардың ішкі дайындықтарын шыңдай түсеміз. 

- Қазақстанның атынан шығып жатқан спортшылардың ішінде легионерлер жоқ екенін аңғарып отырмыз. Бұл біз үшін шынында да көңілге қонымды жағдай секілді көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?

- Иә, бұл жарыста легионерлер жоқ. Бұл бір жағынан жақсы да шығар. Дегенмен, келесі жылы біздің командамызға қосылып қалар деп ойлаймын. Себебі келесі Олиапиадаға дейін екі-ақ жыл қалды. Уақыт аз. Біздің қазіргі негізгі мақсатымыз – Рио-де-Жанейро Олимпиадасы. Оған қатысып, жүлделі болу үшін біз қалай болса да, медаль алуымыз қажет. Сондықтан легионерлердің де көмегіне жүгінуге тура келеді. Оны жасырудың да қажеті шамалы. Өйткені, легионер тарту арқылы ұлт спортын көтеруге көп мүмкіндік болады. Спортшылар да тәжірибе алмасады. Айтпақшы, бүгінгі жарыста мен Қазақстанның атынан шығатын легионерлерді қарап жүрмін. Бекер жүрген жоқпын. 

- Қазірдің өзінде көзге түскен үміткерлер бар шығар? 

- Түркияның атынан сынға түсіп жатқан Деңіз деген қыз бар. Өзі қазақтың қызы. Негізі, оның шын аты – Жансәуле. Түркияда тұрады. Сол жақтағы этникалық қазақтардың өкілі. Болашақта біз оны өз құрамамызға қосып алсақ деп ойламын. Бұдан бөлек, Мали мен Оңтүстік Кореяның бір спортшысына көзіміз түсіп жүр. Алайда кореялықты бермейтін шығар (күлді). Енді, қысқаша айтқанда Олимпиадаға дейін біздің спортшылар легионерлермен бірге дайындалса. Сосын біз оларды өзара жарыстырып, Риоға баратындарды таңдасақ деген жоспар бар. 

- Бірақ легионерлерді тарту жұмысына көп басымдық берілмейтін шығар? 

- Әрине, берілмейді. Қазір біз жас балаларды таэквондоға көптеп тартып жатырмыз. Осы саладағы жұмыстардың бірі - республика бойынша Мұстафа Өзтүрік атындағы мектептерді ашу. Бүгінде Астана мен Алматы қалаларында ондай екі мектеп ашылды. Оқуы тегін. Балаларды бес жастан бастап қабылдайды. Негізгі мақсат – дарынды балаларды табу. Болашақта біз республиканың басқа өңірлерінен тағы бес мектепті ашуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша шамамен 11 мың адам таэквондомен айналысып жүр. Олардың 80 пайызы – балалар. Еліміздегі таэквондоға деген қызығушылықты осыдан-ақ байқауға болады. Бәрі алда. 

-Әңгімеңізге рақмет! Жеңіс пен сәттілік тілейміз.

Автор: Арман Асқар

Сурет: confederation.kz

О. Сансызбай