“Күмәнді мәмілелер жасалған“: Ақтөбе футбол клубы тексеріліп жатыр

“Күмәнді мәмілелер жасалған“: Ақтөбе футбол клубы тексеріліп жатыр
Фото: depositphotos.com

Ақтөбе футбол клубында қаржы жымқырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыс прокуратурасы Ақтөбе футбол клубын тексерген. 250 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.

"Соның ішінде ойыншылардың трансферлері және әуе тасымалдау бойынша күмәнді мәміле жасалған. Сондай-ақ, ойыншылардың тамақтануына бөлінген қаражатты клуб қызметкерлері жеке қажеттіліктеріне жұмсаған", - деп жазылған хабарламада.

Тексеріс қорытындысы бойынша облыс прокуратурасы мына баптармен соталды тергеуді бастады:

  • Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру);
  • 361-бабының 4-бөлігінің 1) тармағы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану);
  • 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (алаяқтық) бойынша 3 соталды тергеп-тексеру басталды.

"Қылмыстық істер тергеп-тексеру үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. Істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан футболында қаржы талан-таражға түскені хабарланды. Бас прокуратура ҚФФ және бірқатар футбол клубын тексергеннен кейін 3 млрд теңге көлемінде заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді.

Федерацияның бұрынғы басшыларына қарсы қылмыстық іс қозғалып, Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданғаны айтылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget