ММА файтері Қуат Хамитов пен актер әрі спортшы Еркебұлан Тоқтар спарринг өткізді. Жаттығудан жарияланған видео алғашқы 12 сағатта 200 мыңнан астам қаралым жинаған, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Спарринг Еркебұлан Тоқтардың клубында болған. Оның үзіндісін әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған Қуат Хамитов қарсыласының шеберлігіне жоғары баға берді.
"Тоқтар жарайсың! Қуат бауырым ренжімесін. Тоқтар актер болса да, кәсіпқой файтермен қалай айқасып жатқанын қараңдаршы";
"Жасы 38-ге таяса да, жастарға әлі де дес бермейді";
"Қуат ескірмейтін шарап сияқты, жыл өткен сайын жақсара түсіп келеді";
"Қуат – қазақ ММА ардагері! Еркебұлан – жаңа буын!", – деп жазды жанкүйерлер.
"Басым әлі ауырып тұр! Негізі ол тұрып жұдырықтасуда менен мықты! Мен тек өз әдіс-тәсілдерімді қостым", – деп жауап берді файтер пікірлер бөлімінде.
Жанкүйерлер қос спортшының дайындығын атап өтіп, Тоқтарды тек актер ретінде бағалауға болмайтынын жазған.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар келесі жекпе-жегін 12 желтоқсанда Алматыда ресейлік Магомед Зайналовқа қарсы өткізеді. Кездесу ММА қолғабымен бокс ережесі бойынша өтеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!