Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду командасының Катардағы футболдан Әлем чемпионатынан жеңіссіз қайтуы туралы алғаш рет пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенбіде 2022 жылғы Әлем кубогының ширек финалында португалиялықтар Марокко командасынан 0-1 есебімен жеңілген. Матчтан кейін Роналду көзіне жас алып, аренадан кетті.
Жексенбіде форвард Instagram-парақшасында бұл жеңіліс Португалия құрамасында әлем чемпионы болу арманына нүкте қойды деп жазды.
"Португалия құрамасында әлем чемпионатында жеңіске жету менің мансабымдағы ең үлкен және өршіл арман болды. Қуаныштымын, көптеген атақты жеңіп алдым, соның ішінде Португалия құрамасымен, бірақ оны ең жоғары деңгейге көтеру менің ең үлкен арманым болды. Мен сол үшін күрестім. 16 жыл ішінде бес әлем чемпионатында мен миллиондаған португалиялықтың қолдауымен ұлы футболшылармен ойнадым. Мен барлық күшімді жұмсадым. Бар өнерімді алаңда көрсеттім. Мен ешқашан күрестен бас тартқан емеспін және бұл арманнан бас тартқан емеспін", - делінген Роналдудың жазбасында.
"Амал не, кеше мен арманымнан айырылдым. Қызбалыққа салынғым келмейді. Көп айтылды, көп жазылды, көптеген спекуляция болды, бірақ мен Португалияға деген адалдығым бір сәтке де үзілмегенін бәріне білдіргім келеді. Мен әрқашан ортақ мақсаттар үшін күресетін адам болдым және ешқашан командаластарым мен елімнен бас тартпас едім. Қазіргі уақытта айтар сөзім жоқ. Рақмет, Португалия. Рақмет, Катар. Арман болған кезде әдемі болды... Енді жақсы кеңесші болып, әркімге өз тұжырымдарын жасауға мүмкіндік беретін уақыт келді", - деп қосты футболшы.
Жарты тәулік ішінде футбол жұлдызының жазбасына 22 миллионнан аса лайк басылып, көптеген пікір жазылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!