Қазақстандық боксшы Желіде сәукелемен түскен суретін жариялап, сынға қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандағы ең сұлу боксшы саналатын Ангелина Лукас суретін Instagram-парақшасында жариялаған. Онда ол басына сәукеле, ал үстіне тек арнайы боди киіп түскен. Образ авторы - Аида Кауменова.
"Салмақ өлшеу рәсімінен өттік! Мен Қазақстанда тұрамын, мен - қазақстандықпын! Мен боксты жақсы көремін, бокс - менің бүкіл өмірім! Мен - жауынгер әйелмін, күрескер әйелмін. Менің бүкіл өмірім - күрес!" - деп жазған спортшы парақшасында.
Желі қолданушылары спортшының мұндай ашық образын сынға алды.
"Масқара! Сәукелеге обал болды-ау", "Не киіп алған?", "Нағыз қазақтың қызы бұлай киінбес еді. Жеңіс тілеймін, бірақ сәукелені бұлай қорламау керек еді", "Киіміңді артық қыламын деп, тыртық қылдың. Ұйқасып тұрған жоқ. Егер осылай басқа біреу киіп түссе, оны әбден сынға алар еді. Қазақ болмаған соң, біз үшін сәукеленің киелі екенін түсінбейді. Сәттілік! Туды биік көтеріп жүре бергей", "Бұл тірліктерің дұрыс болмады. Қазақтың ұлттық нақышы, сәукелені қорлады", - деп жазған пікір қалдырғандар.
Еске салайық, бұған дейін Ангелина Лукастың (2-0, 1 КО) кәсіпқой рингтегі үшінші жеңісіне жеткенін хабарлаған едік.
Ол үшінші жекпе-жегін Алматыдағы бокс кешінде өткізді. Оның қарсыласы танзаниялық Лулу Кайаге болды. Боксшылар аса жеңіл салмақтағы UBO World белбеуін сарапқа салды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!