Қазақстан құрамасының жаңа бапкері Дастан Сәтпаев туралы пікір білдірді

Қазақстан құрамасының жаңа бапкері Дастан Сәтпаев туралы пікір білдірді
Фото: instagram.com/chelseafc

Қазақстан футбол құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Шкип ұлттық құраманың жас шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа жоғары баға берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нидерланд маманы баспасөз мәслихатында қазақстандық ойыншылар туралы сұраққа жауап беріп, «Челси» сапында өнер көрсетіп жүрген Дастан Сәтпаевты жақсы білетінін айтты.

«Әрине, мен Сәтпаевты білемін. Ол – қазір "Челсиде" ойнап жүрген жас әрі талантты футболшы. Қазір жекелеген ойыншыларға тоқталғым келмейді. Алдағы күндері футболшыларды жан-жақты зерттеймін. Бірақ Дастанның болашағы зор екенін білемін. Ол әлі көптеген матч өткізеді және мықты ұлттық құраманы қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймын», – деді Джон ван ’т Шкип.

Еске салайық, 7 тамызда Қазақстан футбол федерациясы 62 жастағы нидерландтық маманның ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалғанын ресми түрде жариялады. Оның жетекшілігіндегі алғашқы матч 26 қыркүйекте Фарер аралдарына қарсы Ұлттар лигасы аясында өтеді.

Ал 17 жастағы Дастан Сәтпаев биыл жазда лондондық «Челси» клубына ауысып, жаңа командасы сапындағы алғашқы голын соғып үлгерді. Ол сондай-ақ Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас гол авторы саналады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget