Біріккен күрес әлемі қауымдастығы (UWW) Белградтағы әлем чемпионаты мен ХІХ жазғы Азия ойындарынан кейін әлемдік рейтингті жаңартты. Жаңарған рейтингте Ризабек Айтмұхан мен Жәмила Бақбергенова көш бастады.
Ризабек Айтмұхан еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық балуан атанды. Белград боз кілеміндегі жетістігі қазақ спорты тарихындағы айтулы оқиға болды. Отандасымыз осы жетістігінен кейін 92 килоға дейінгі салмақта 62 200 ұпаймен көш басына шықты. Одан кейінгі орында грузин Мириан Майсурадзе мен әзербайжандық Осман Нурмагомедов тұр.
Әйелдер арасында 72 килоға дейінгі салмақта 53 000 ұпаймен отандасымыз Жәмила Бақбергенова бірінші тұр. Одан кейінгі орындарға АҚШ пен Моңғолияның балуан қыздары орналасқан. Жәмила үш бірдей әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық жалғыз балуан.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!