Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан елге оралды

Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан елге оралды
Фото: massaget.kz/ Өмірбек Сансызбай

Еркін күрестен Сербия елінің астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында бақ сынаған қазақ балуандары елге оралды. Олардың қатарында ел тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан мен қола жүлдегер Азамат Дәулетбеков те бар. Жанкүйерлер мен күрес жанашырлары балуандарды зор қошеметпен қарсы алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ризабек 92 килоға дейінгі салмақта әлем чемпионы атанып, боз кілемде қазақ елінің абыройын асырды. Ал Азамат 97 килоға дейінгі салмақта қола жүлдемен қоса Париж Олимпиадасы жолдамасын еншілеп келді.

Күрес жанашырлары қос балуанға қымыз, бауырсақ ұсынып, иықтарына шапан жапты. Ал қарсы алуға келген халықтың қарасы көп болды.

Үлкен қошеметпен қарсы алып жатқан еліме алғыс айтамын. Өте күшті сезімде болып тұрмын. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл менің арманым еді. Отандастарыма осындай сәтті сыйлағаныма қуаныштымын. Қарсыластар осал болған жоқ. Шешуші белдесуде барымды салдым. Соңына қарай шаршағанын байқадым. Сол сәтті ұтымды пайдаландым деп ойлаймын, - дейді балуан.

97 килоға дейінгі салмақта қола жүлдегер атанып, Париж Олимпиадасы жолдамасын иеленген Азамат Дәулетбеков те жанкүйерлеріне алғысын айтып, Ризабектің жетістігін ерекше атап өтті.

Ризабекке ризамын. 19 жасында қазақтан шыққан алғашқы әлем чемпионы атанды. Жасөспірімдерге үлгі, бізге мотивация сыйлады, - дейді Азамат.

Жанкүйерлер қос балуанмен естелік суреттерге түсіп, құрмет-қошемет көрсетіп қайтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай